Қазақстанда 8 жаңа көмір станциясы салынады 

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында көмір энергетикасын дамытуға бағытталған Ұлттық жоба іске асырылатынын мәлімдеді.

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 11:25
Бүгiн 2026, 11:25
125
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Үкімет басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес көмір генерациясын дамыту стратегиялық басымдықтардың бірі екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда көмір энергетикасын дамытудың маңыздылығына тоқталып, көмірмен қуат өндіру ісі бойынша Ұлттық жоба қабылдауды тапсырды. Жоба аясында 5 жыл ішінде жаңа 8 станция салу және қолданыстағы 11 станцияны жаңғырту есебінен 8 ГВт қосымша энергия қуатын алу көзделіп отыр, – дейді ол.

Премьер-министрдің айтуынша, көмір саласы елдің энергетикалық қауіпсіздігінің негізгі тіректерінің бірі.

Көмір өнеркәсібі және көмір станцияларында электр энергиясын өндіру отандық отын-энергетикалық кешеннің негізгі салалары болып табылады. Олар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысы ел экономикасында көмірмен қуат өндіру ісінің маңызын әрдайым атап өтіп, саланы одан әрі дамыту үшін бірқатар бағыттарды айқындап берді, – деді Олжас Бектенов.

Оның сөзінше, Қазақстан көмір қоры бойынша әлемдегі жетекші елдердің қатарында.

Көмір қоры бойынша біз әлемдегі жетекші 10 елдің қатарына кіреміз. Бұл – біздің елеулі бәсекелік артықшылығымыз, оны тиімді пайдалануға тиіспіз, – деді ол.

Үкімет басшысы көмірдің әлемдік энергетикадағы орны әлі де маңызды екенін атап өтті.

Көмір әлем елдерінде, соның ішінде ең көп энергия пайдаланатын өндірістермен қатар, цифрлық платформалар үшін де маңызды қуат көздерінің бірі болып қала береді, – деді ол.

Сонымен қатар «таза көмір» технологияларын енгізу мәселесіне тоқталды.

Сонымен қатар кейінгі уақытта қоршаған ортаға әсері барынша аз «Таза көмір» технологиялары белсенді дамып келеді. Бұл бағытта Қытай, АҚШ, Үндістан, Оңтүстік Корея және басқа елдердің қалыптасқан тәжірибелері бар. Атап айтқанда, кейінгі жылдары көмірқышқыл газы мен қоспаларды 90%-ға дейін ұстап қалып, зиянды қалдықтарды қауіпсіз сақтауға мүмкіндік беретін жаңа технологиялар қарқынды дамуда. Осы бағытта жұмысты жалғастыру керек, – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр қолданыстағы станцияларды жаңғыртуда да экологиялық технологияларды қолдану қажеттігін айтты.

«Таза» технологияларды қолданыстағы көмір станцияларын жаңғырту мақсатында, атап айтқанда, ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды азайтып, тиімділігін арттыру үшін де қолданған жөн. Біз қатаң экологиялық стандарттарды сақтауға ұмтылып, көмірді белсенді пайдалануды жоспарлап отырмыз. Бұл өте маңызды, өйткені біз көмір станцияларын әлі де ұзақ уақыт бойы пайдалануды жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Сондай-ақ жаңа жылу станцияларының құрылысын жеделдету қажеттігі айтылды.

Мемлекет басшысы жаңа Жылу станцияларының құрылысын жеделдету қажеттігін атап өтті. Қазақстанда тұтыну көлемінің өсуі мен цифрлық активтердің қарқынды дамуын ескере отырып, энергия нысандарын жоспарлы және уақтылы іске қосу керек, – деді Үкімет басшысы.

Осы мақсатта көмір генерациясы бойынша ұлттық жоба қабылданған.

Осы мақсатта наурыз айында көмір генерациясы бойынша Ұлттық жоба қабылданды. Энергетика министрлігі «Самұрық-Энерго» компаниясымен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, Ұлттық жобаның орындалуын ерекше бақылауға алсын. Әрбір жаңа станцияның іргетасын қалаудан бастап іске қосуға дейінгі барлық жұмыстардың нақты жоспары болуға тиіс, – дейді Олжас Бектенов.

Премьер-министр нақты тапсырмалар берді: 

Бірінші. Энергетика министрлігі Экология министрлігімен бірге бір ай ішінде қолданыстағы энергия көздеріне талдау жүргізіп, әрбір станция бойынша «таза көмірге» негізделген заманауи экологиялық технологияларды енгізуге байланысты жол картасын әзірлеп, бекітсін. Қолданыстағы көмір электр станцияларында заманауи тазарту жүйелерін, оның ішінде электрофильтрлерді қолдана отырып, кезең-кезеңмен енгізуді қамтамасыз ету қажет. Тазарту жүйелерінің тиімділігін арттыру және халықаралық тәжірибені Қазақстан жағдайына бейімдеу бойынша зерттеу жұмыстарын жандандыру керек.

Екінші. Қазақстанда көмір химиясы саласының әлеуеті жоғары болғанымен, әлі де қалыптасу үстінде. Көмірден қосылған құны жоғары өнім алу экономиканы әртараптандырып, экспорттық әлеуетті нығайтуға белсенді ықпал етеді. Осыған байланысты Энергетика министрлігі 1-ші шілдеге дейін көмір химиясы саласын кешенді мемлекеттік қолдау шараларын, сондай-ақ «Бәйтерек» холдингімен бірге көмір химиясы жобаларын қаржыландырудың нақты тетіктерін әзірлесін. 

Үшінші. Көмірді ашық әдіспен өндіру дәстүрлі технологиялар негізінде, көбінесе ескірген жабдықтарды пайдалана отырып жүзеге асырылады. Бұл көмір кен орындарын игеру тиімділігіне ғана емес, сонымен қатар жұмыскерлердің қауіпсіздігіне де әсерін тигізеді. Осыған байланысты Энергетика министрлігі көмір өнеркәсібі кәсіпорындарымен бірге цифрлық технологияларды пайдалана отырып, бір ай ішінде көмір өндіру тиімділігін арттыру және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітуге тиіс.

Еске салайық, бұған дейін «Таза көмір» технологиясы енгізіліп, көмір энергетикасы жаңа деңгейге өтетіні хабарланды. 

Наверх