Қазақстанда 50 мыңнан астам азамат жалпы сомасы 188 млрд теңгеге банкрот деп танылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңнама үнемі жетілдіріліп келеді. Соңғы өзгерістер қатарында:
- 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған қарыз шарттарына борышты реттеу талабының алынып тасталуы;
- Борышкердің себепсіз соттан тыс банкроттық рәсімін тоқтата алу мүмкіндігі;
- Банкроттың қаржы ұйымдары алдындағы, соның ішінде кредиттік бюроларда көрсетілмеген барлық міндеттемелерінің тоқтатылуы.
Сонымен бірге, Парламентте ломбардтарды соттан тыс банкроттық рәсіміндегі кредиторлар қатарынан шығару және берешегі 1600 АЕК-ке дейінгі азаматтар үшін рәсім мерзімін қысқарту жөніндегі түзетулер қарастырылып жатыр.