Қазақстанда 42 су қоймасы салынуда: Су инфрақұрылымын жаңғырту қалай жүріп жатыр

Бұл қосымша 2,7 млрд текше метрге дейін су жинауға мүмкіндік береді

 Су ресурстары және ирригация министрлігі Бүгiн 2026, 12:00
Бүгiн 2026, 12:00
125
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Қазақстанда су инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ауқымды бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. BAQ.KZ тілшісінің сауалына жауап берген Су ресурстары және ирригация министрлігі су қоймаларының құрылысы, жаңа жобаларды әзірлеу және суару арналарының жаңғыртылуы қалай жүріп жатқанын мәлім етті.

Ведомство мәліметінше, елде қосымша 2,7 млрд текше метрге дейін су жинауға мүмкіндік беретін 42 жаңа су қоймасын салу жоспарланған. Оның 20 жобасы министрлік деңгейінде, тағы 22-сі жергілікті атқарушы органдар деңгейінде іске асырылып жатыр.

Министрлік желісі бойынша қазірдің өзінде “Бәйдібек ата” және “Қарақуыс” нысандарында құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Бес жоба бойынша құжаттама дайындалды, тағы бес нысан жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу кезеңінде, ал сегіз жоба бойынша әзірлеу жұмыстары биыл басталады, – деп түсіндірді министрлік.

2026 жылы Ислам даму банкі бірінші траншы аясында Батыс Қазақстан облысындағы «Үлкен Өзен», Қызылорда облысындағы «Қараөзек» және Жамбыл облысындағы «Ақмола» атты үш су қоймасының құрылысы басталып кеткен.

Әкімдіктер желісі бойынша 21 жоба әзірлеу сатысында, ал «Деркөл» жобасы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме дайындау жоспарланып отыр.

Қолданыстағы су қоймаларын жаңғырту

Сонымен қатар өңірлерде бар нысандарды жаңарту жұмыстары қатар жүріп жатыр. Жалпы 37 су қоймасы реконструкциядан өтуде. Оның 29-ы республикалық, 8-і коммуналдық меншікте.

«Киров», «Қапшағай» және «Ақтөбе» су қоймаларындағы жұмыстар толық аяқталған. Бес су қоймасы бойынша жобалар әзірленсе, 13 нысан жобалық-сметалық құжаттама кезеңінде тұр. Тағы сегізі бойынша әзірлеу биыл басталады.

Айта кетейік, 2025 жылы Абай облысындағы «Шар» және Жетісу облысындағы «Қызылағаш» су қоймалары пайдалануға берілген.

Бағдарламаны қаржыландыру

Бағдарлама бірнеше қаржы көзі есебінен жүзеге асырылады. Олардың қатарында республикалық бюджет қаражаты, нысаналы даму трансферттері, сондай-ақ Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Ислам даму банкі секілді халықаралық қаржы институттары бар, – деп нақтылады ведомство.

Сонымен бірге ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру бағдарламасының екінші кезеңі де пайдаланылып жатыр.

Арналарды жаңарту

Суару арналарының жаңғыртылуына ерекше назар аударылған. Қазақстанда жалпы ұзындығы шамамен 47 мың шақырымды құрайтын 8 577 канал бар.

2024–2028 жылдарға арналған су саласын дамытудың кешенді жоспары аясында 14,4 мың шақырым арнаны реконструкциялау көзделген. Соның 1200 шақырымы 2026 жылы жаңартылмақ.

Жұмыстар елдің оңтүстік өңірлерінде басталып кеткен. Қазіргі уақытта шамамен 10 шақырым канал бетонмен қапталған.

Бұдан бөлек, Қазсушар РМК биыл 2211,75 шақырым каналды механикалық тазартудан өткізіп жатыр. Қазірдің өзінде 524,49 шақырымы тазартылып, бұл жоспардың 24 пайызына тең болды.

Министрлік кезең-кезеңімен жүзеге асатын бұл жобалар су инфрақұрылымының тиімділігін арттырып, ауыл шаруашылығы мен өңірлерді тұрақты сумен қамтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Наверх