Астанада "Стереотипсіз психикалық денсаулық: Шизофрения туралы нені білу керек?" атты дөңгелек үстел отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шара Дүниежүзілік шизофрения туралы ақпараттандыру күніне орай ұйымдастырылып отыр.
Дискуссияның модераторы – ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Назым Жанғазинова болды.
Шизофрения – күрделі әрі ауыр психикалық дерт екені белгілі. Аталған дертке қатысты қоғамда әлі күнге дейін көптеген миф пен қорқыныш бар. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, әлемде 24 миллионға жуық адам шизофрениямен өмір сүреді. Бұл дегініміз – әрбір 300 адамның бірі айықпас дертке шалдыққан. Ал ересектер арасында әрбір 222 адамның бірі (0,45%) осы аурумен ауырады деген сөз.
Елімізде бұл диагноз 40 мыңға жуық адамға қойылған.
Ауру көбіне 20 мен 29 жас аралығында байқалады және адамның өмір сапасына, қарым-қатынастарына, әлеуметтік бейімделуіне елеулі әсер етеді. Мамандардың айтуынша, шизофрения белгілері пайда болғаннан кейін науқастар психиатриялық көмекке 10-15 жылдан соң ғана жүгінеді. Бұған негізгі себеп – диагноздан қорқу, "есепке тұрғысы келмеу" және қоғамдағы айыптаушылық көзқарастан жүрексіну.
Дәрігерлердің айтуынша, аурудың ауырлығына қарамастан, дер кезінде дұрыс диагноз қойылып, ем басталса, науқастардың кемінде үштен бірі тұрақты ремиссияға жетіп, толыққанды өмір сүре алады.
Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Алтынай Есқалиеваның айтуынша, Қазақстанда шизофрения диагнозы 39 373 адамға қойылған.
Шизофрения – күрделі, бірақ басқаруға болатын дерт. Ерте анықтау және уақытылы емдеу – науқастың өмір сапасын айтарлықтай жақсартады. Емнің негізі – антипсихотиктер. Сонымен қатар когнитивті-мінез-құлықтық терапия, психоәлеуметтік қолдау, жұмысқа орналасуға көмектесу, бейімдеу тренингтері мен отбасының қатысуы маңызды. Қоғам тарапынан түсіністік пен қолдау пациенттердің бейімделуінде шешуші фактор болып саналады, - деді Алтынай Есқалиева.
Пациенттер білікті медициналық көмекті Республикалық психикалық денсаулық орталығынан және еліміздің 20 өңірінде орналасқан аймақтық орталықтардан ала алады.