Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда -38 градус аяз күшейеді: Боран мен көктайғақ күтіледі

Бөлісу:
 ©BAQ.KZ архиві/ Артём Чурсинов
Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Артём Чурсинов

Қазақстанда 20-22 қаңтар аралығында ауа райы күрт нашарлайды. Синоптиктердің болжамынша, елдің солтүстігінде түнде 38 градусқа дейін аяз күшейіп, қар, боран, тұман мен көктайғақ болады. Оңтүстікте ауа температурасы біртіндеп жоғарылайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

"Қазгидромет" РМК мамандарының мәліметінше, алдағы үш тәулік бойы Қазақстан аумағында атмосфералық фронттардың ықпалы сақталады. Соның салдарынан елдің басым бөлігінде қар жауып, төменгі боран соғады, желдің жылдамдығы күшейеді. Оңтүстік өңірлерде жауын-шашын жаңбыр мен қар түрінде түседі. Ал 22 қаңтарда таулы аймақтарда қалың қар күтіледі.

Синоптиктер республика аумағында тұманның түсуі мүмкін екенін де ескертеді. Әсіресе елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында көктайғақ қаупі жоғары болады.

22 қаңтарда Қазақстанның солтүстік жартысына Жаңа Жер аралдары (Новая Земля) аймағынан ығысқан суық антициклон әсер етеді. Осыған байланысты солтүстік өңірлерде түнгі ауа температурасы 25-38 градусқа дейін төмендеп, күндіз 20-30 градус аяз сақталады.

Ал елдің батысы, оңтүстік-батысы, оңтүстігі және оңтүстік-шығысында ауа температурасы біртіндеп жоғарылай бастайды. Оңтүстік аймақтарда күндізгі ауа температурасы 5 градус аяздан 3 градусқа дейін жылыса, таулы өңірлерде 8-13 градус аяз күтіледі. Батыс өңірлерде күндіз ауа температурасы 5-13 градус аяз шамасында болады.

Өзгелердің жаңалығы