Алдағы күндері Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Ел аумағына Атлант мұхитынан келетін циклонның ойысы әсер етіп, бірінен соң бірі атмосфералық фронттар өтеді. Соның салдарынан жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын болады. 13 қараша күні шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде қатты жауын-шашын күтіледі, кей жерлерде жаңбырдың соңы қарға ұласуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Синоптиктердің мәліметінше, еліміздің әртүрлі өңірлерінде тұман түсіп, көктайғақ пен екпінді жел болады. Солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда бұрқасын соғып, бұл көлік қозғалысы мен көлік инфрақұрылымының жұмысына кедергі келтіруі ықтимал. Ал оңтүстік пен оңтүстік-батыстағы өңірлерде ауа райы салыстырмалы түрде тыныш әрі жауын-шашынсыз болады.
Ауа температурасы да алдағы күндері едәуір төмендейді:
• Солтүстікте түнде –5…–12°С дейін, күндіз 0…–6°С аралығында;
• Солтүстік-батыста түнде –2…–10°С, күндіз 0…–5°С;
• Орталық өңірлерде түнде –3…–13°С, күндіз –6…+3°С шамасында;
• Шығыста ең қатты суық күтіледі: түнде –8…–20°С, күндіз 0…–10°С;
• Қалған өңірлерде айтарлықтай өзгеріс болмайды.
Синоптиктер тұрғындарға сапар жоспарлағанда ауа райының нашарлауын ескеріп, жолда аса мұқият болуды, көктайғақ пен көрінудің шектелу қаупіне дайын болуды ескертеді. Сондай-ақ бұл – биылғы күздің алғашқы айтарлықтай суытуы екенін атап өтті.
Еске салсақ, «ҚазАвтоЖол» компаниясы қар мен көктайғақ салдарынан Қазақстанның 6 өңірінде жол қозғалысы қиындауы мүмкін екенін ескерткен еді.