Жұқпалы және онкологиялық аурулардың алдын алудың ұлттық бағдарламасы аясында қазан айында қыздарды адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау бойынша ауқымды науқан басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
АПВ – бұл көптеген қатерлі ісіктердің, соның ішінде жатыр мойны обырының дамуымен байланысты ең көп таралған вирустардың бірі.
Бүгінгі таңда Қазақстанда АПВ-ға қарсы 11-13 жас аралығындағы 104 мыңнан астам қыз бала екпе алды. Өңірлердің арасында АПВ-ға қарсы вакцинация бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр, онда 18,1 мыңнан астам, Алматы облысында - 10,8 мыңнан астам, Жамбыл облысында - 8,8 мыңнан астам, Шымкент қаласында - 8,4 мыңнан астам, Қарағанды облысында - 7 мыңнан астам, Қызылорда облысында – 5,3 мыңнан астам,Астанада - 5,6 мыңнан астам оқушы егілді.
Екпе алғандардың арасында иммундаудан кейін қолайсыз көріністер тіркелген жоқ.
Қазақстанда вакцинация мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Ата-аналардың өтініші бойынша вакцинация тіркелген жері бойынша емханаларда да жүргізілуі мүмкін.
Сенімді ақпарат алу үшін ресми дереккөздерді пайдалануды ұсынамыз: egu.kz сайты, Комитеттің, Ұлттық денсаулық сақтау орталығының, Комитеттің аумақтық бөлімшелерінің және денсаулық сақтау басқармаларының ресми парақшалары. Сондай-ақ, халықты иммундау мәселелері бойынша 7701 колл-орталығы жұмыс істейді, онда Қазақстанда жүзеге асырылатын жоспарлы егулер, соның ішінде АПВ-ға қарсы вакцинация бойынша сұрақтарға жауап алуға болады.
АПВ вакцинациясы тек жеке қорғаныс емес, сонымен қатар бүкіл қоғамның денсаулығына қосқан үлесі болып табылады. Неғұрлым көп адам егілсе, соғұрлым бұл вирустың айналымын шектеу тиімді болады.