Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда 1 млн адам ЖИ дағдыларын үйренеді

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
9 Қыркүйек 2025, 11:04
594
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Бүгін Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев елімізде “ЖИ-қозғалыс” бастамасын іске асыру жалғасып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, келесі бес жыл ішінде Қазақстанда 1 миллион азамат жасанды интеллект (ЖИ) дағдыларына үйретіледі.

Білім беру саласында бірқатар ауқымды жобалар қолға алынған. Оқушылар мен студенттер үшін TUMO, Tomorrow School, AI Sana, AI OLYMP бағдарламалары және Day of AI бастамасы енгізіліп жатыр.

Мемлекеттік қызметшілер үшін арнайы AI Qyzmet бағдарламасы жұмыс істейді. Квазимемлекеттік секторда — AI Corporate жобасы іске қосылады. Ал кең аудитория үшін Tech Orda, Qazqoders және Yandex платформалары арқылы онлайн-курстар мен акселерациялық бағдарламалар қолжетімді болады, - деді Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында.

Сонымен қатар министр халықаралық alem.ai жасанды интеллект орталығының құрылуына ерекше назар аударды. Бұл орталық білім, ғылым, бизнес және мемлекеттік технологияларды біріктіретін платформа болады.

Alem.ai орталығының құрылымы бірнеше бағытты қамтиды:

  • оқушылар мен студенттерді оқытуға арналған кеңістіктер;
  • стартаптар мен акселерация;
  • ғылыми зерттеулер;
  • мемлекеттік басқарудағы цифрлық шешімдер.

Орталықтың ресми ашылуы биыл қазан айында Digital Bridge форумының аясында өтеді.

Өзгелердің жаңалығы