Қазақстан жолдары су тасқынына қаншалықты дайын? – ресми жауап

Су тасқыны қаупі бар учаскелер саны 284-тен 184-ке дейін қысқарған.

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 15:04
Бүгiн 2026, 15:04
74
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстанда су тасқыны кезеңі басталысымен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қауіпті учаскелер саны азайды

Басқарма төрағасы 2026 жылғы 30 наурыздағы жағдай бойынша республикалық маңызы бар автожолдардағы ахуал тұрақты және оң динамика көрсетіп отырғанын айтты.  

Соңғы екі жылда су тасқыны қаупі бар учаскелер саны 284-тен 184-ке дейін қысқарған. Ал олардың жалпы ұзындығы 206 шақырымнан 83,3 шақырымға дейін азайған, - деді ол.

Сонымен қатар су жайылу жағдайлары 174-тен 2 жағдайға дейін төмендеген.

Қабылданған алдын алу шараларының нәтижесінде су тасқыны қаупі бар учаскелердің саны да, ұзындығы да айтарлықтай қысқарды. Бұл – жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі, - деді Иманашев Дархан Серікұлы.

Су өткізу инфрақұрылымы күшейтілді

Су тасқынының алдын алу үшін су өткізу жүйелерін дамытуға ерекше назар аударылған.

2025 жылы 582 су өткізу құбыры орнатылды. Оның ішінде 162-сі қайта жаңарту жобалары аясында, 54-і күрделі жөндеу кезінде, ал 366-сы орташа жөндеу барысында жүзеге асырылды, - деді ол.

Ал 2026 жылы тағы 201 құбырды жөндеу жоспарланған.

Бұл жұмыстар қар еріген кезеңде судың кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталған. Біз барлық қауіпті учаскелерді алдын ала анықтап, инфрақұрылымды күшейтуге басымдық беріп отырмыз, - деді компания басшысы.

Қазіргі таңда республикалық автожолдар желісінде 1 429 көпір және 15 458 су өткізу құбыры бар. Олардың барлығы тазартылып, 974 құбыр еріген суды өткізу үшін пайдаланылып жатыр.

Жолдағы жағдай үнемі бақылауда

Су тасқыны кезеңінде жол қызметтері толық жұмылдырылған. Қазіргі таңда 988 бірлік техника тартылып, арнайы кезекші бригадалар құрылған.

Жолдардағы жағдай тәулік бойы бақылауда, үздіксіз патрульдеу жүргізіліп жатыр.

Гидрологиялық жағдайдағы кез келген өзгеріске жедел әрекет ету үшін тәулік бойы мониторинг жүргізілуде. Барлық қызметтер нақты уақыт режимінде жұмыс істеп жатыр, – деді Иманашев.

Оның пікірінше, су тасқыны қаупі жыл сайын өзгеріп отырады. Кейбір жаңа қауіпті учаскелер бұрын қауіп тіркелмеген жерлерде де пайда болуы мүмкін.

Иманашев: Қыс маусымы ауыр өтті

2025–2026 жылдардың қысқы кезеңі күрделі ауа райымен ерекшеленді. Солтүстік және орталық өңірлерде температура жиі ауытқып, жол қызметтерінің жұмысын қиындатқан.

Оның сөзінше, қыста 386 мың текше метр көктайғаққа қарсы материал пайдаланылып, 711 мың автокөлікке сүйемелдеу көрсетіліп, 2400 азаматқа көмек берілген.

Ауа райының күрт құбылуы жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарын айтарлықтай қиындатты. Соған қарамастан біз жолдардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз еттік, – деді басқарма төрағасы.

Биыл не өзгереді?

Дархан Серікұлы биыл жол сапасын жақсарту және қауіпсіздікті арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жоспарланып отырғанын айтты.

176 мың шаршы метр аумақта шұңқырларды жөндеу, 24 мың шақырымнан астам жолға таңба салу, 10 мың шаршы метрден астам ақауларды жою жоспарланып отыр. Сонымен қатар 24 мыңнан астам жол белгісін орнату, 5 мыңға жуық сигналдық бағана және 2800 метрден астам қоршау салу көзделген, - деді ол.

 

 

Наверх