Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет кулуарында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев бұл факті бойынша тергеу жүріп жатқанын айтты.
Біз кемені жалға алдық, сондықтан оны кім алған болса сол жауап береді. Егер кеме Қазақстанда қабылданған құқықтық нормаларға және халықаралық құқыққа сәйкес келмейтін қызметпен айналысса, әрине, бұл келісім бұзылып, кеме кері қайтарылады, - деді Қайырбек Өскенбаев.
Министрдің айтуынша, қазір Түркия тексеру жүргізіп жатыр, құқықтық баға беріледі.
Түрік тарапы, егер бұл мәселемен айналысса, жүктің қайдан шыққанын, жалдаушы кім екенін, бұл жүкті кім жібергенін анықтайтын болады және ол жерде қандай санкциялық шектеулер болғаны анық әрі түсінікті болады. Тез арада құқықтық баға беріледі, содан кейін кеменің тоқтатылуы мен қайтарылуының құқықтық салдары бар ма, жоқ па белгілі болады, - деді министр.