Қазақстан жастарының 70%-ы жоғары білімді – демограф

Жыл өткен сайын олардың ғылым мен білімге қызығушылығы артып келеді. 

 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 13:00
Бүгiн 2026, 13:00
92
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстанда жастардың білім деңгейі жоғары болып отыр. Бұл туралы Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығының басшысы Аяулым Сағынбаева «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы «Қазақстан жастары – 2026» ұлттық баяндамасы жобасының мазмұндық бөлігін талқылауға арналған сараптамалық кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Жастардың шамамен 70 пайызы жоғары білім алған. Сонымен қатар олардың ғылымға және жоғары оқу орнынан кейінгі білімге қызығушылығы артып келеді, – деді ол.

2021 жылғы халық санағының деректеріне сәйкес, жастардың шамамен 43 пайызы магистратура, докторантура немесе постдокторантура деңгейінде білім алуға ұмтылған.

Бұл елдің зияткерлік әлеуетін арттырып, инновациялық дамуға негіз бола алады, – деп атап өтті Сағынбаева.

Сарапшы жастардың білім алу мақсатында ірі қалаларға көшуі урбанизация қарқынына да әсер ететінін айтты.

Сондай-ақ ұлттық сарпашы-демограф Қазақстанда жастар санының артуы белгілі бір әлеуметтік сын-қатерлерді де алға шығаруы мүмкін екендігін де алға тартты.

Жастар санының өсуі демографиялық тұрғыдан оң үрдіс болғанымен, әлеуметтік тұрақтылық мәселелерін де назарда ұстау қажет, – деді ол.

Сарапшының айтуынша, жастар арасындағы эмиграцияның азаюы және көрші елдерден келетін жастар санының артуы мәдени бағдарлардың әртүрлі болуына әсер етеді.

Мұндай жағдайда жастардың көп шоғырлануы әлеуметтік шиеленіс тәуекелдерін де күшейтуі мүмкін, – дейді Сағынбаева.

Сонымен қатар ол урбанизацияланған ортада туу деңгейі төмен болатынын және жол-көлік оқиғалары сияқты сыртқы факторлардан болатын өлім-жітім көрсеткіштері жоғары болатынын айтты.

Жастар саясаты кешенді түрде жүргізілуі тиіс. Бұл тек демография мәселесі емес, елдің ұзақ мерзімді дамуымен байланысты, – деді сарапшы.

Наверх