Қазақстан жаһандық білім және инновация саммитіне қатысты

23 Қыркүйек 2023, 06:17
903
Бөлісу:
Қазақстан жаһандық білім және инновация саммитіне қатысты
Фото: gov.kz

Қазақстан мен Оңтүстік Корея білім беруді цифрландыру бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Осы мақсат бойынша еліміздің Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Сеулде өткен білім және инновациялар жөніндегі жаһандық саммитке қатысып, кореялық әріптесі Ли Джу Хомен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

GEIS әлем елдерінің білім саласында инновациялық тәжірибе алмасуына, оқытуды цифрлық трансформациялау бойынша ынтымақтасуға, сондай-ақ Оңтүстік Корея тәжірибесі негізінде жасанды интеллектті оқулықтарда қолдануға бағытталған. Биылғы жылы аталмыш шара «Цифрлық трансформация дәуіріндегі білім берудің инновациялық экожүйесі» тақырыбында өтті.

Қатысушы елдер цифрландыру мәселелерін және оны білім беру жүйесіне енгізу мүмкіндіктерін талқылады. Панельдік отырыста Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев баяндама жасады және қатысушылардың өзекті сұрақтарына жауап берді.

Сондай-ақ саммит кезінде министр ЭЫДҰ-ның білім және дағдылар жөніндегі директоры Андреас Шляйхермен кездесті. Тараптар отандық білім беруді дамыту перспективалары және ынтымақтастықты одан әрі кеңейту туралы сөйлесті. Кездесуде Ғани Бейсембаев Андреас Шляйхерді Қазақстанға қонаққа келуге шақырды.

Өзгелердің жаңалығы