Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстан ЮНЕСКО-ның ЖИ бойынша үздік тәжірибелерін енгізуде

Кеше, 23:57
138
Бөлісу:
 Сыртқы істер министрлігі
Фото: Сыртқы істер министрлігі

Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жасанды интеллектіні пайдалануға ұлттық дайындықты бағалау жөніндегі ЮНЕСКО жобасы ресми түрде іске қосылды. Жобаны ҚР Сыртқы істер министрлігі ЮНЕСКО-ның Өңірлік бюросымен бірлесіп жүзеге асыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ЮНЕСКО бастамасы жасанды интеллекттің ұлттық экожүйесіне кешенді талдау жүргізуді көздейді. Бағалау аясында Қазақстандағы ЖИ дамуының құқықтық және нормативтік базасы, әлеуметтік-гуманитарлық, экономикалық, ғылыми-білім беру және технологиялық аспектілері қамтылады.

Жоба шеңберінде теңгерімді әрі инклюзивті саясат қалыптастыру үшін тиімді сектораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылға ерекше назар аударылады.

Қазіргі таңда ЮНЕСКО-ның Readiness Assessment Methodology (RAM) әдіснамасын іске асыру үшін мүдделі тараптардың Ұлттық жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына бірқатар мемлекеттік органдар, Ұлттық ғылым академиясы, жоғары оқу орындары, бизнес-қоғамдастық, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері кірді.

Зерттеу нәтижелері бойынша Қазақстанда адамға бағдарланған жасанды интеллект экожүйесін дамытуға бағытталған нақты практикалық ұсынымдар әзірленеді.

Аталған жоба халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және адам құқықтары мен әмбебап құндылықтарды сақтауға негізделген Қазақстанның жасанды интеллектті дамыту жөніндегі стратегиялық бағытын іске асырудағы маңызды қадам болып саналады.

Өзгелердің жаңалығы