Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев twitter-де Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні туралы жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні. Бұл күннің бүкіл адамзат үшін мән-маңызы айрықша. Қасиетті қазақ жері атом сынағынан орасан зор зардап шекті. Мұндай қасірет ешқашан қайталанбауы керек. Қазақстан ядролық қауіпсіздік қағидаттарын әрдайым берік ұстанады, - деді Президент.
Бүгін Семей полигонының жабылғанына – 31 жыл. 1949 жылдың 29 тамызында Кеңес елі Семей өңірінің Абай және Абыралы аудандарында қуаттылығы 30 килотонна болатын алғашқы атом бомбасын жарды. Ал 1991 жылы 29 тамызда «Семей ядролық полигонының жабылуы туралы» Жарлығы шығып, қазақ еліне жаншошырлық қасірет әкелген ядролық қару толықтай жабылды.