17 қарашада «Астана Арена» стадионына жүретін қоғамдық көліктің жұмысы күшейтіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осы жұма, 17 қарашада «Астана Арена» стадионында 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан мен Сан-Марино құрамасы арасында матч өтеді.
Басталуы – сағат 21:00.
Осы күні «Астана Арена» стадионына жүретін қоғамдық көліктің жұмысы күшейтіледі.
Сондай-ақ жанкүйерлерге ыңғайлы болуы үшін және жолдарда көлік кептелісін азайту мақсатында Астананың 5 тұрақ торабынан сағат 19:30-да арнайы шаттл-автобустары жүреді:
- «Астаналық цирк» автотұрағы;
- «Қазақстан» СК автотұрағы;
- «Әзірет Сұлтан» мешітінің тұрағы;
- «Әбу Насыр Әл-Фараби» мешітінің тұрағы (Нұр-Астана);
- «Жастар» сарайы тұрағы.
Ойын аяқталғаннан кейін футбол жанкүйерлері сондай-ақ, қосымша № 10, 12, 21, 26, 27, 28, 37, 40, 49, 51, 53, 60 қалалық және №303 қала маңы бағдарларымен кете алады. Автобустар Қабанбай батыр даңғылындағы аялдамаларда күтеді.
Футбол матчын өткізу кезінде барлық автокөлік жүргізушісін қоғамдық көлікті пайдалануға шақырамыз. Жолақысы - 90 теңге. Жолақысын көлік картасымен немесе QR-код сканерлеу арқылы төлеуге болады. Жеңілдігі бар көлік карталары жарамды, - делінген CTS хабарламасында.