11 қазанда Венецияда (Италия) Еуропа Кеңесі жанындағы Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссияның (Венециандық комиссия) 140-шы пленарлық отырысы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Комиссия отырысына 66 елден келген конституциялық соттардың төрағалары мен судьялары, әділет министрліктерінің өкілдері, конституциялық құқық және бақылау мәселелерінде, сондай-ақ норма шығару саласында маманданған көрнекті заңгерлер мен ғалымдар қатысып жатыр.
Комиссия отырысына Қазақстан Республикасынан Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова және Әділет министрі Азамат Есқараев қатысуда.
Отырыстың күн тәртібіне Армения, Қырғызстан, Польша елдерінің сот жүйесін нығайту және судьяларды іріктеу жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету, судьялардың жауапкершілігі, қылмыстық сот төрелігін жетілдіру, соның ішінде сотқа дейінгі тергеу мен қылмыстық істер бойынша сот талқылауында дәлелдемелер мен цифрлық технологияларды жинақтау, прокуратураның заңдылықтың сақталуын қадағалау органы ретіндегі мәртебесін нығайту, коммерциялық емес ұйымдар, БАҚ қызметінде өзін-өзі реттеу тетіктерін енгізу және журналистік этиканы сақтау мәселелері бойынша ұлттық заң жобалары мен заңдарын талқылау кіреді.
Бұл заң жобалары мен заңдарды аталған елдердің әділет министрліктері тәуелсіз құқықтық қорытынды алу үшін Венециандық комиссияға ұсынды.
Венециандық комиссия сарапшыларының қарау қорытындысы бойынша заң жобаларын жетілдіру және заң үстемдігі мен адам құқықтарын қорғау саласындағы әмбебап стандарттарды имплементациялауға бағытталған заңдар деңгейінде қолданыстағы реттеуге қатысты бірқатар ұсыныстар берілді.