Қазақстан үшін онлайн сауда тиімді – Шаққалиев

Кеше, 10:36
205
Бөлісу:
Қазақстан үшін онлайн сауда тиімді – Шаққалиев
Фото: pixabay.com

Қазақстандықтар үшін онлайн сауда тиімді екені анықталды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрлік электрондық сауданың жоғары қарқынын ескере отырып, оның бөлшек сауда құрылымына әсерін талдаған. Осы мақсатта өткен жылы нарықтың негізгі қатысушылары мен мемлекеттік органдарды қамтитын жұмыс тобы құрылды.

Талдауға бөлшек сауда саласындағы 400 мыңнан астам компанияның деректері енгізілді. Деректер жиынтық түрде ұсынылып, бөлшек сауда секторындағы негізгі үрдістер мен құрылымдық өзгерістерді көрсетеді. 

Онлайн және офлайн сауда сатушыларының типтік портреті әзірленді. Барлық көрсеткіштер бойынша онлайн сауда тиімдірек анықталды. Өйткені, ондай компаниялар ірі, тұрақтылығы жоғары, сатылымдары мен қызметкерлер саны көп, - дейді Арман Абайұлы Үкімет отырысында.

Шаққалиев онлайн саудамен айналысатын компаниялар көбірек салық төлейтінін айтады.

Елімізде бөлшек саудамен айналысатын 505 мың офлайн компания 3 жыл ішінде 240 миллиард теңге салық төлеген. Ал онлайн саудамен айналысатын 73 мың компания 360 миллиард теңге салық төледі. Бұған қоса отандық маркетплейстер 135,2 миллиард теңге салық төлеген, - деді ол.

Бұған дейін елімізде электрондық сауда 5 есе өскені туралы және елімізде электрондық сауда инфрақұрылымы дамып жатқанын жазған едік.

Өзгелердің жаңалығы