- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айнала ма: Саланың әлеуеті қандай?
Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айнала ма: Саланың әлеуеті қандай?
Қазақстанда 2025 жылы құрылыс материалдарын өндіру 29,8 пайызға өсіп, 1,73 трлн теңгеге жетті. Отандық өндірістің бұл әлеуеті ауқымды құрылыс жобаларын жүзеге асыруға қалай ықпал етеді?
21 Қазан 2026, 11:57
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды ауқымды құрылыс алаңына айналдырып, әлеуметтік нысандар салуға басымдық беру қажеттігін айтты. Алайда құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі артқанымен, тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны баяулап, кейбір құрылыс материалдары әлі де шетелден жеткізіліп отыр. Жоспарланған жобаларды жүзеге асыруға сала қаншалықты дайын және құрылыс құны мен мерзіміне қандай факторлар әсер етуі мүмкін? BAQ.KZ тілшісі құрылыс саласының қазіргі мүмкіндіктерін саралады.
Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуы керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттарын сайлау кезінде дауыс бергеннен кейін журналистердің сұрақтарына жауап беріп, елдегі құрылыс инфрақұрылымын дамытуға қатысты ауқымды жоспарларымен бөлісті.
Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуы керек. Әр облыс орталығында, аудандар мен қалаларда ірі құрылыс жобалары жүзеге асырылады. Емханалар, балаларды оңалту орталықтары және басқа да әлеуметтік нысандар салынады, – деді Президент.
Оның айтуынша, Астанада жаңа көпір, Домбыра сарайы және су ресурстарын зерттеу орталығын салу да жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қор қаражатын пайдалануға болатынын да жоққа шығармады.
Бұл жоспарларды жүзеге асыру үшін тұрғын үймен қатар, әлеуметтік нысандарды, көлік және инженерлік инфрақұрылымды салу көлемін арттыру қажет. Дегенмен соңғы статистикалық деректер құрылыс жұмыстары көлемінің өсу қарқыны бәсеңдегенін көрсетеді.
Құрылыс көлемі артқанымен, өсім қарқыны баяулаған
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанда орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 7,8 трлн теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,5 пайызға көп.
Салыстырмалы түрде, қаңтар-шілдеде құрылыс жұмыстарының өсімі 15,3 пайыз, ал қаңтар-тамызда 15,6 пайыз болған. Осылайша, қыркүйек қорытындысында жыл басынан бергі өсім қарқыны 4,1 пайызға төмендеді.
Құрылыс жұмыстарының шамамен төрттен бір бөлігі автомобиль және теміржолдар мен метро құрылысына тиесілі. Тұрғын емес ғимараттардың үлесі – 21,5 пайыз, ал тұрғын үйлердің үлесі 12,6 пайыз болған. Жұмыстардың басым бөлігін, яғни 89 пайызын жеке құрылыс ұйымдары орындады.
Өңірлердегі көрсеткіштер де әркелкі. Ұлытау облысында құрылыс жұмыстарының көлемі 2,4 есе, Қызылорда облысында 31,5 пайыз, Шымкентте 25,4 пайыз өскен. Ал Жетісу облысында көрсеткіш 28,1 пайызға, Қарағанды облысында 16 пайызға, Солтүстік Қазақстан облысында 2 пайызға төмендеді.
Құрылыс жұмыстарының ең үлкен көлемі Астанаға тиесілі – 1,18 трлн теңге. Алматыда бұл көрсеткіш 831 млрд теңге болса, Атырау облысында 562 млрд теңгеге жеткен.
Тұрғын үй құрылысының қарқыны неге баяулады?
2026 жылдың тоғыз айында Қазақстанда 13,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7 пайызға артық.
Сонымен бірге тұрғын үй құрылысының өсім қарқыны біртіндеп төмендеп келеді. Қаңтар-шілде қорытындысында өсім 3,9 пайыз болса, сегіз айда 3,6 пайыз, тоғыз айда 2,7 пайыз болды.
Пайдалануға берілген тұрғын үйдің 8,56 млн шаршы метрі көппәтерлі үйлерге, ал 4,59 млн шаршы метрі жеке тұрғын үйлерге тиесілі.
2025 жылдың қорытындысында Қазақстанда рекордтық 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы аясында алдағы жеті жылда 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу көзделген.
2026 жылға арналған бастапқы болжам 18,5 млн шаршы метр болған. Алайда қыркүйекте Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті жыл соңына дейін 20,4 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары барын хабарлады.
Осы межеге жету үшін қазан-желтоқсан айларында тағы шамамен 7,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуі керек. Бұл жылдың алғашқы тоғыз айында пайдалануға берілген жалпы көлемнің жартысынан астамына тең. Демек, жылдық жоспардың едәуір бөлігі соңғы тоқсанға тиесілі.
Қазақстан құрылыс материалдарын өндіруді арттырып келеді
Ауқымды құрылыс жобаларын жүзеге асырудағы негізгі шарттардың бірі – отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету.
QazIndustry мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда құрылыс материалдарын өндіру көлемі 1,73 трлн теңгеге жеткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 29,8 пайызға көп.
Ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесі 71,3 пайыз болған. Атап айтқанда, портландцемент өндірісі 17,2 пайызға, құрылысқа арналған бетон бұйымдары 14,7 пайызға, цемент пен бетоннан жасалған тақталар, кірпіштер және өзге де бұйымдар өндірісі 16,1 пайызға өскен.
Соған қарамастан, 2025 жылдың қорытындысында құрылыс материалдары ішкі нарығының 28,7 пайызы импорттық өнім есебінен қамтамасыз етілген.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі агенттігінің BAQ.KZ редакциясына берген жауабында Қазақстан тауарлық бетонға, темірбетон бұйымдарына, газ блоктарына және құрылыс қоспаларына деген ішкі сұранысты толыққа жуық қамтамасыз ететінін хабарлаған.
Дегенмен материалдардың кейбір түрлері әлі де шетелден жеткізіледі. Ведомствоның 2024 жылғы деректеріне сәйкес, Қазақстанға құрылыс материалдарын жеткізетін негізгі елдер қатарында Ресей, Қытай және Өзбекстан бар.
Құрылыс материалдарының қымбаттауы нені өзгертеді?
Құрылыс материалдарының бағасы құрылыс салушылардың шығынына және нысандардың түпкі құнына тікелей әсер ететін факторлардың бірі саналады.
Жөндеу және жылжымайтын мүлік саласының сарапшысы Арайлым Өмірбекова соңғы жылдары цемент, арматура және жылу оқшаулағыш материалдар едәуір қымбаттағанын айтты.
Құрылыс материалдарының бағасы өсуін жалғастырып жатыр. 2023 жылы баға орта есеппен 6–7 пайызға өссе, 2024 жылы негізгі тауар түрлері бойынша өсім шамамен 10 пайызға жетті. Әсіресе цемент, арматура және жылу оқшаулағыш материалдар қымбаттад, – деді ол.
Сарапшының бағалауынша, соңғы екі-үш жылда «кілтке дейін» жөндеу құны 15–25 пайызға артқан. Оның негізгі себептері ретінде құрылыс материалдарының қымбаттауы мен құрылыс бригадалары қызметі құнының өсуі аталған. Бұл бағалар 2025 жылғы шілдеде жарияланған материалда келтірілген.
Құрылыс нарығына әсер еткен тағы бір фактор – кейбір өнім түрлерінің импортына қойылған шектеулер.
2026 жылғы 30 мамырдан бастап Қазақстанда Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден бірқатар құрылыс материалын әкелуге алты айлық шектеу енгізілген.
BuildExpert құрылыс және девелопмент саласының сарапшысы Диляра Сейтнұрова мұндай шектеулердің ықпалы өнімнің нақты түріне байланысты әртүрлі болатынын айтқан.
Цементке келсек, біз ішкі сұранысты дерлік толық қамтамасыз етеміз. 2025 жылы елде рекордтық 14,4 млн тонна цемент өндірілді, ал өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі шамамен 92,5 пайызды құрайды. Сондықтан цементке қатысты бұл тыйымның әсері шамалы, өйткені үшінші елдерден импорттау көлемі онсыз да аз еді. Шыны өндірісіндегі жағдай керісінше. Қазір Қызылордада республикадағы табақ шыны өндіретін жалғыз ірі кәсіпорын – Orda Glass жұмыс істейді. Бір зауыт бүкіл сұранысты да, өнім түрлерінің барлық қажеттілігін де қамтамасыз ете алмайды, – деді сарапшы.
Оның бағалауынша, импорттық шектеулер отандық өндірушілерді қолдауы мүмкін. Алайда балама жеткізушілер жеткіліксіз болған жағдайда жекелеген материалдардың бағасы қымбаттап, құрылыс нысандарын белгіленген мерзімде тапсыру қиындауы ықтимал.
Бұл әсіресе шыны орнату және ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатқан жобаларға әсер етуі мүмкін. Олардың қатарында мектептер, балабақшалар мен медициналық мекемелер де бар.
Ауқымды жобаларды іске асыру үшін не қажет?
Құрылыс көлемін ұлғайту тек жаңа ғимараттар салумен шектелмейді. Сонымен қатар коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту да маңызды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметіне сәйкес, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 7,8 мың шақырым су құбыры мен кәріз желісін жаңарту көзделген. Бұдан бөлек, 45 қалада тазарту құрылыстарын салу және қайта жаңарту жоспарланған.
Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғыртуға шамамен 1,9 трлн теңге қарастырылған. Инфрақұрылымды жаңарту қажеттілігі желілердің тозу деңгейінің жоғарылығымен байланысты: су құбырларының 38 пайызы, кәріз желілерінің 54 пайызы жаңартуды қажет етеді.
Бұл жобалар құрылыс жұмыстарына, инженерлік жабдықтар мен материалдарға деген сұранысты арттырады.
Жалпы, 2026 жылдың тоғыз айындағы статистика екі үрдісті көрсетіп отыр: құрылыс жұмыстарының көлемі ұлғайғанымен, оның өсу қарқыны баяулаған, ал тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші жалпы құрылыс саласына қарағанда баяу өсіп келеді.
Сондықтан Мемлекет басшысы белгілеген ауқымды жоспарларды орындауда құрылыс көлемін арттырумен қатар, материалдармен тұрақты қамтамасыз ету, баға өзгерісін ескеру және нысандарды белгіленген мерзімде аяқтау мәселелері де маңызды болмақ.
Ең оқылған:
- Қазақстанда биыл қыс қандай болады? Синоптиктер болжам жасады
- Қазақстанда ұсталған ресейлік рэпер Navai-ге қатысты іс тоқтатылды: Полиция тың мәліметті жариялады
- Соңғы 100 жылда адамдардың бойы 10 сантиметрге өскен: қай елдерде өсім жоғары?
- Президент Жолдауын қашан жариялайтынын жеткізді
- Астанада мешітке кіріп, ұрлық жасаған күдікті ұсталды
Жанерке Жәкен