Қазақстан туристік саланы бірыңғай цифрлық экожүйеге біріктіруге ниетті. Бұл бағыт туристік қызметтерді үйлестіріп, саяхатты жоспарлау, орналастыру және кері байланысқа дейінгі барлық негізгі кезеңдерді бір платформада біріктіруге мүмкіндік береді. Бұл туралы Алматыда өткен "Қазақстандағы цифрлық туризм – 2025" форумында айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Форумға 300-ден астам қатысушы жиналды. Олардың қатарында Pana, inDrive, Mastercard, Sabre, Mapster және басқа да ІТ-компаниялар мен туристік индустрия өкілдері, сондай-ақ Қазақстан мен шет елдердің стартап жетекшілері болды.
Іс-шара аясында үш панельдік сессия өтті. Атап айтар болсақ:
- TravelTech – туристік саланы цифрландырудың заманауи әдістері,
- GovTech – туризмді дамытудағы мемлекеттік цифрлы қызметтердің рөлі,
- HotelTech – меймандостық индустриясына арналған технологиялар тақырыптарында өзекті мәселелер талқыланды.

Форумның басты жаңалығы Қазақстанда тұрғын үй броньдауға арналған PanaApp мобильді қосымшасының таныстырылымы болды. Қосымша биометриялық сәйкестендіру, CRM-жүйе, Key-Free технологиясы және зиян келтіруі мүмкін броньдауларды автоматты анықтау сияқты озық функциялармен ерекшеленеді.
ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев форумда сөйлеген сөзінде туризмді цифрландыру үкімет деңгейінде басым бағыттардың бірі екенін атап өтті:
Kazakhstan.travel порталы, әуежайдағы QR-код жүйесі және eQonaq платформасы жұмыс істеп тұр. Бірақ туристің цифрлы жолы әлі де толық қалыптасқан жоқ. Ұялы байланыс операторлары мен электрондық төлем жүйелері сияқты қосымша дереккөздерді біріктіру қажет. Бұл салаға ашық, ыңғайлы және қауіпсіз цифрлы орта қалыптастыруға жол ашады, – деді вице-министр.

Форум қорытындысы бойынша, туризм саласына арналған IT-шешімдер тұтынушы тәжірибесін жақсартып, сала өкілдері үшін жаңа мүмкіндіктерді аша түсетіні айтылды. Сондай-ақ, ақылды технологияларды енгізу – Қазақстанда тұрақты цифрлық туристік экожүйе қалыптастырудың негізгі бағыты ретінде белгіленді.