Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстан-Түрікменстан: Каспий арқылы көлік және логистика бағыттары кеңейеді

Әсел ӘБІЛБЕК
5 Тамыз 2025, 18:00
1374
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған БҰҰ-ның үшінші конференциясына қатысу шеңберінде көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесіне баса назар аударуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Саясаттанушы, Қазбек Майгелдиновтің айтуынша, қазіргі геосаяси жағдайда Транскаспий халықаралық көлік маршруты немесе кеңінен белгілі Орта дәліз бастамасы аса өзекті бола түсті.

Соңғы жылдары жаһандық сауда жолдарын әртараптандыру қажеттілігі туындап отыр. Осы ретте дәстүрлі теңіз жолдары мен солтүстік-оңтүстік бағыттарына балама ретінде Орта дәлізге сұраныс артып келеді. Мысалы 2025 жылы Ұлыбритания парламентінде Орта дәліз Еуразия үшін стратегиялық балама әрі жаһандық жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын арттыратын маршрут ретінде аталып өтті. Орта дәліз арқылы жүктер Ресей алып өтіп, Қытай бағытындағы тәуелдік тәуекелдерін төмендетуге болатындығы және бұл бағыттың батыс санкцияларына қайшы келмейтіндігі айтылған болатын, - деді ол.

Көлік инфрақұрылымы және Қазақстанның рөлі

Орта дәліз бойынша ынтымақтастықты нығайту конференция күн тәртібіндегі басты тақырыптардың бірі. Әсіресе Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия елдері бірлесе жүзеге асырып отырған бұл бағыттың транзиттік әлеуетін арттыру мәселелері өзекті.

Сонымен қатар Каспий теңізіндегі логистикалық инфрақұрылымды дамыту да маңызды. Қазақстан соңғы жылдары Ақтау және Құрық порттарын жаңғыртты. 2025 жылдың маусым айында Ақтау портында ірі контейнер хабы іске қосылды. Бұл хаб елдің шығыс-батыс және солтүстік-оңтүстік бағыттарындағы сауда-саттықта маңызды рөл атқармақ.

Сарапшының пікірінше, Түрікменстан тарапынан да Каспий маңындағы мемлекеттер арасында теңіз тасымалын ұлғайтуға қатысты бастамалар көтерілуі мүмкін.

Президент Тоқаевтың "географиялық тағдыр болмауы керек" деген ұстанымы Қазақстанның қазіргі көлік-логистика саласындағы стратегиялық бағытын анықтайды.

Біз теңізге тікелей шығатын жолы жоқ мемлекет бола отырып, тиісті инфрақұрылым мен ынтымақтастық арқылы сыртқы нарыққа шыға аламыз. Ол үшін логистикалық саясатты дұрыс жолға қою қажет. Яғни инфрақұрылымды жаңғырту, теңіз порттарымен инвестиция тарту мәселесі, логистикалық хабтар мен құрғақ порттарды құру. Тоқаевтың Түрікменстанға сапары Қазақстанның жаһандық және өңірлік дипломатиясы тұрғысынан қарайтын болсақ бұл сапар біздің еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатымыздың айқын көрінісі. Өйткені бұл іс-сапар бірнеше геосаяси мүддемізге жауап береді. Яғни аймақтық ынтымақтастықты нығайту, түркі тілдес елдердің арасындағы байланысты арттыру, - дейді саясаттанушы.

Екіжақты байланыс пен өңірлік мүдде

Тағы бір маңызды бағыт Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық. Бұл елдер арасында көлік, Каспий теңізі арқылы қатынас, логистика салаларындағы әріптестік өзекті болып отыр.

Түрікменстан қазіргі таңда Ауғанстан арқылы Пәкістан мен Үндістанға жол ашуға мүдделі. Бұл стратегиялық жоба. Қазақстан да бұл бағытқа қызығушылық танытып отыр, - дейді сарапшы.

Егер жоба жүзеге асса, Орталық Азиядан Үнді мұхитына дейін қысқа құрлық дәлізі пайда болады. Бұл Қазақстан үшін де тиімді.

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеше кешкісін Түрікменстанға барды. Түрікменбашы әуежайынан Қазақстан Президентін Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов қарсы алды. Әуежайда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов аз-кем әңгімелесті

Тоқаев Түрікменстанда БҰҰ конференциясы делегацияларын ресми қарсы алу рәсіміне қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаевты Түрікменстан президенті мен БҰҰ Бас хатшысы қарсы алды

Қазақстан Президенті Авазада өткен БҰҰ конференциясында бастама көтергені жайлы да жаздық. Мемлекет басшысы Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесіп, Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясына шақырғаны үшін Сердар Бердімұхамедовке алғыс айтты.

Өзгелердің жаңалығы