Қазақстан мен Тәжікстан басшылары 2023-2024 жылдарға арналған тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жол картасын жүзеге асыруға ерекше назар аударады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкіметтерге осы бағыттардың бәрін мұқият пысықтау тапсырылды. Келіссөз барысында біз өнеркәсіптік кооперацияны дамытудың орасан зор әлеуетін атап өттік, екі елдің экономикасы үшін жаңа өсу нүктелері болатын бірлескен жобаларды іске қосуды белгіледік. Энергетика және машина жасау салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдету үшін зор мүмкіндіктер бар. Мұны бір күн бұрын өткен бизнес-форум мен Іскерлік кеңес отырысы кәсіпкерлердің осы салаларда өзара тиімді байланыс орнатуға мүдделі екенін растады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен бірлескен мәлімдемесінде.
Мемлекет басшысы бизнес-форум барысында құны 1,8 миллиард доллар болатын келісімшарттарға қол қойылғанын еске салды.
Агроөнеркәсіптік кешендегі өзара сауда көлемін арттыру үшін байыпты негіз бар. Былтыр елдеріміз арасында ауыл шаруашылығы өнімдерінің айналымы 40 пайызға өсіп, 500 миллион доллардан асты. Қазіргі жағдайда бұл жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. Қазақстан Тәжікстанға бидай мен ұнды жеткізушілердің бірі. Бұл ретте бізде өсімдік майы, макарон өнімдері, сүт өнімдері, кондитерлік өнімдер экспортын арттыруға резервтер бар. Қазақстан Тәжікстаннан жеміс-жидек өнімдерін жүйелі түрде импорттауға мүдделі, - деді Мемлекет басшысы.