Былтыр Қазақстан әлемнің 150-ден астам елімен сауда қатынасын нығайтып, сыртқы сауда айналымын 141,4 млрд долларына дейін жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,3 пайызға артқан. Сауда және интеграция министрлігінің берген ресми мәліметіне сүйенсек, елдің негізгі сауда серіктестері – Қытай, Ресей және Италия.
Қытай – басты сауда серіктес
Қытаймен екіжақты сауда көлемі 30,05 млрд долларға жетті. Бұл – Қазақстанның жалпы сыртқы саудасының 21,3 пайызы. Оның ішінде экспорт көлемі – 14,9 млрд доллар, импорт – 15,1 млрд доллар.
Ресеймен сауда 27,8 млрд долларға жетті
Ресей екінші орында. Бұл елмен сауда айналымы 27,8 млрд доллар болды. Оның 9,5 млрд доллары – қазақстандық тауар экспорты, 18,2 млрд доллары – импорт.
Италия – экспорттағы сенімді әріптес
Үшінші орында – Италия. Бұл елмен сауда көлемі 19,9 млрд доллар. Айта кетерлігі, оның 18,7 млрд доллары – Қазақстан экспорты. Италия Қазақстан мұнайының басты тұтынушыларының бірі саналады.
Ондықтағы өзге елдер қандай?
Қазақстанның ең ірі 10 сауда серіктесінің қатарына, сондай-ақ, Нидерланд, Франция, Түркия, АҚШ, Өзбекстан, Германия және Оңтүстік Корея кіреді. Бұл мемлекеттер елдің сыртқы сауда құрылымының басым бөлігін құрап отыр.
Сауда бағытын әртараптандыру қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
Қазақстан соңғы жылдары сыртқы сауданы әртараптандыруға басымдық беріп келеді. Әсіресе, Еуропалық Одақ, Орталық Азия және Шығыс Азия елдерімен экономикалық байланыс нығая түскен. Бұл – шектеулі серіктестерге тәуелділікті төмендету арқылы тұрақты экспорттық-импорттық саясатты қалыптастырудың бір бөлігі, - делінген редакциямызға берілген ресми жауапта.
Еске салайық, кеше Қазақстан экспорты алдағы жылы 5–6 пайызға артуы мүмкін екенін жазған едік. Алайда экономист Сапарбай Жобаев геосаяси факторлар экспорттық серпінді баяулатуы мүмкін екенін айтады.
Қазақстан экспорты алдағы жылы 5–6 пайызға артуы мүмкін. Алайда экономист Сапарбай Жобаев геосаяси факторлар мен көрші елдермен қатынастар экспорттық серпінді баяулатуы мүмкін екенін айтады.