Мәжіліс Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, Келісім 2023 жылы 17 мамырда Сиань қаласында жасалған.
Құжат аясында екі ел арасында автомобиль көлігімен жасалатын жүк тасымалдау көлемін ұлғайтады. Сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы жүктерді тасымалдау мен олардың аумақтары арқылы үшінші елдерге транзитті реттеуге жол ашады, - деді министр.
Қарабаев атап өткендей, Келісім Қазақстан көліктеріне Қытай аумағына, оның ішінде елдің оңтүстік-шығысындағы теңіз порттарына дейін баруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде екі елдің шекаралас аймақтарында тауарларды қайта тиеу шығындары мен уақытын қысқартып, импорттық тауарлардың құнына және қазақстандық экспорттаушылардың шығындарына оң әсерін тигізеді. Мұндай шарттар Қазақстандағы қытайлық тасымалдаушыларға да қатысты болады.
Келісім аясында автокөлікпен тасымалдауға электронды рұқсат бланкілерін беру де жоспарланған. Қазір Қытай тарапымен шамамен 120 мың бірлік рұқсат қағазы айырбасталып жатыр. Қағаздан электронды форматқа көшіру қағаз бланкілерін өндіруге қосымша қаржылық шығын мен оларды тарату және бақылау процесіндегі адам күші факторын жояды, - деді ол.
2023 жылы бұл бағыттағы қазақстандық тауарлар экспортының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 661 пайызға – 44,4 мың тоннадан 338 мың тоннаға дейін өсті.