Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Елшісі Моника Иверсенді қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-герман ынтымақтастығының жағдайы мен перспективаларын талқылады. Аса маңызды шикізат материалдары, көлік және энергетика сияқты негізгі секторлардағы табысты бірлескен жобалар мен жаңа мүмкіндіктерге ерекше назар аударылды.
Сұхбаттастар Қазақстан мен Германия арасындағы барлық деңгейдегі табысты диалогты, сауда мен инвестициялардың жоғары көрсеткіштерін, сондай-ақ тарихи байланыстарға негізделген мәдени ынтымақтастықты қанағаттанушылықпен атап өтті.
Елші М.Иверсен Германия Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастыққа маңызды мән беріп, бірлескен жобаларды іске асыруға бар күшін салатынын мәлімдеді.
Көлік ынтымақтастығы мәселелері талқылаудың жеке тармағы болды, бұл еуропалық стандарттарға сәйкес келетін жолдар мен басқа да инфрақұрылымдық жобаларды салу кезінде неміс технологияларын пайдаланудың арқасында логистикалық процестердің тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Сұхбаттастар өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы қыркүйекте Берлинге және ГФР-дың Федералды канцлері Олаф Шольцтың 2024 жылғы қыркүйекте Астанаға жасаған сапарлары шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу соңында тараптар Астана мен Берлин арасындағы серіктестік пен байланыстарды одан әрі жан-жақты тереңдетуге өзара қызығушылық танытты.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы өткен жылмен салыстырғанда 5,9%-ға артып, 3,774-тен 3,997 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайды. Атап айтқанда, экспорт 56,8%-ға, 741 млн-нан 1,162 млрд долларға дейін өсті. 2005-2024 жылдар аралығында ГФР-дан ҚР-ға тікелей шетелдік инвестициялар 7,6 млрд доллар құрады.