Кездесу барысында тараптар энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, энергетикалық нарықтарды дамыту, инвестициялық ынтымақтастықты нығайту және энергетика саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Отырыста сөз сөйлеген Санжар Жаркешов ШЫҰ-ның энергетика саласындағы заманауи сын-қатерлерге бірлескен жауаптар әзірлеу және ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін тиімді алаң ретіндегі маңызын атап өтті.
Кездесу барысында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 2030 жылға дейінгі энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясын және оны іске асыру жөніндегі Жол картасын жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан электр энергетикасы, мұнай-газ және көмір өнеркәсібі, мұнай-газ химиясы, жаңартылатын энергия көздері, энергия тиімділігі және заманауи технологияларды енгізу салаларындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады.
Қазақстан тарапы сондай-ақ бірлескен инвестициялық жобаларды дамыту, кен орындарын барлау және игеру, көмірсутек шикізатын өңдеу, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және орнықты энергетикалық көшу бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар саланың ғылыми-техникалық және кадрлық әлеуетін нығайту, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бейінді ғылыми және білім беру ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды дамыту, сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу және білім беру бағдарламаларын іске асырудың маңыздылығы айтылды.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің тұрақты экономикалық өсімі мен энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында энергетика саласындағы серіктестікті нығайтуға бейілділіктерін растады.