Қазақстан ШЫҰ арқасында мол дипломатиялық тәжірибе жинақтады – сарапшы

Бөлісу:
Қазақстан ШЫҰ арқасында мол дипломатиялық тәжірибе жинақтады – сарапшы
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Айнұр Тукумова ШЫҰ кеңесінің 24-ші отырысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Саяси ғылымдар кандидаты, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Айнұр Тукумованың айтуынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымы - әлемдегі ең беделді ұйымдардың бірі. Сарапшы айтылған ұйымға төртінші рет төрағалық етіп отырған Қазақстан мол дипломатиялық тәжірибе жинағанын айтады.

ШЫҰ демографиясын айтсақ, ұйымның халқы әлемнің 45%-ын құрайды. Яғни 3,5 млрд адам бар. Сондай-ақ ұйымға әлемдік жалпы ішкі өнімнің 1/4 бөлігі, әлемдік сауданың 15%-ы тиесілі. Сондықтан ШЫҰ беделі үлкен ұйым. Бұл ұйымның шеңберінде Қазақстанның да абыройы өсті, дипломатиялық тәжірибе жинақтады. Өйткені Қазақстан ШЫҰ-ына төртінші рет төраға болып отыр. Осы төрағалығының шеңберінде басты тақырып - экология. Сондай-ақ қауіпсіздік, сауда, экономика, цифрлық даму, энергетика, мәдени-гуманитарлық даму салаларын да қамтыды. Айта кетейік, визалық режимді алып тастау - қазақ дипломатиясының үлкен жеңісі болды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қазақстанға келген қытайлық туристердің саны 20 есе артқан. Бұл туристер Қазақстанға ақша алып келеді, жергілікті қызмет көрсету саласының дамуына, экономиканың дамуына үлкен серпіліс береді, - деді сарапшы.

Сондай-ақ Айнұр Абайқызы еліміз саяси аренадағы мақсаттарын орындауы үшін ШЫҰ-ның қолдауына сүйенетін атап өтті.

Қытай - әлемдегі алпауыт державалардың бірі. Экономикалық мүмкіндіктері де орасан зор. Сондықтан біз бұл мемлекетпен сауда-саттықты одан әрі дамыту, туризмді дамыту - біз үшін аса маңызды. Президентіміз 2029 жылға қарай экономиканы 2 есе көтеріп, 400 млрд долларға дейін жеткізу туралы мақсат қойды. Бұл мақсатқа жету үшін Қытаймен экономикалық әріптестікті дамыту көзделеді. Сонымен қатар саяси тұрғыда Қазақстан БҰҰ-ның Алматыда аймақтық орталығын құруды жоспарлар отыр. Еліміз осы тұрғыда ШЫҰ-ның қолдауына сүйенеді, - деді ол.

Сарапшы қазақ-қытай қарым-қатынасына да тоқталды. Оның айтуынша, екі елдің бір-біріне берері көп.

Қытайдың басты жобасы - "Бір белдеу, бір жол". Осы жобаны 2003 жылы Си Цзиньпин Назарбаев университетінде әлемге жариялаған болатын. Бұл жобаны жариялауда Қазақстанның таңдалуы бекер емес. Бұл Қытайдың Қазақстанға назары зор екенін көрсетеді. Өйткені Қазақстан энергетикалық мүмкіндіктері мол мемлекет. Ал Қытай өте тез дамушы экономика болғандықтан, оларға шикізат қажет, - дейді Айнұр Тукумова.

Өзгелердің жаңалығы