Қазақстанда жыл сайын шамамен 1,5 мың нәрестеге хирургиялық ем жасалады. Операциялардың 40 пайызы аз жарақаттайтын эндовидеохирургиялық әдіспен жүргізіледі. Бұл туралы Алматыда өткен «Бала денсаулығы мен дамуы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мәгрипа Ембергенованың айтуынша, дамуында ақауы бар сәбилерге мамандандырылған медициналық көмек еліміздің барлық дерлік өңірінде қолжетімді.
Сонымен қатар жыл сайын 2 мыңнан астам бала кардиохирургиялық көмек алады, 500 балаға есту импланттары орнатылады. Тағы 700-ге жуық шала туған нәресте ретинопатияны емдеу курсынан өтеді.
Қазақстанда қандай технологиялар қолданылады?
Мағрипа Ембергенованың айтуынша, министрлік жоғары технологиялық медициналық көмектің ел ішінде қолжетімділігін кеңейтуді көздеп отыр.
«Біз алдымызға нақты мақсат қойдық – жоғары технологиялық медициналық көмектің кез келген түрін ел ішінде қолжетімді ету. Қазір клиникаларымызда «Гамма-пышақ» және протондық терапия қолданылады. Сондай-ақ гибридті операциялық кешен іске қосылды. Оның көмегімен ми ісіктері мен қан тамырларының патологияларына байланысты күрделі хирургиялық оталар бір операция аясында жасалады», – деді ол.
Денсаулық сақтау министрлігінің алдағы жоспарында радиойодтерапияны іске қосу және қан тамырлары мальформацияларын емдеудің заманауи хаттамаларын енгізу бар.
Балаларды шетелге емделуге жіберу азайды
Ведомствоның мәліметінше, соңғы үш жылда туыстық байланысы жоқ донорлардан дің жасушаларын трансплантациялау үшін шетелге жіберілетін балалар саны үш есе, ал кардиохирургиялық операцияларға жіберілетіндер саны 5,2 есе азайған.
«2027 жылдан бастап шетелде емделуге жіберілетін пациенттер санын кезең-кезеңімен тағы 50 пайызға қысқарту жоспарланып отыр. Бұған клиникаларды одан әрі жабдықтау, инновациялық технологияларды енгізу және кез келген күрделіліктегі операцияларды жасай алатын отандық мамандарды тұрақты даярлау арқылы қол жеткізуге болады», – деп хабарлады Мағрипа Ембергенова.
Алматыдағы конференцияға тоғыз елден ғалымдар, педиатрлар, балалар хирургтері және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бейінді сарапшылары қатысты. Олардың қатарында Ұлыбритания, Австрия, Дания, Израиль және Беларусь өкілдері болды. Қатысушылар ауруларды ерте анықтаудың халықаралық стандарттарын, педиатриялық қызмет жұмысындағы өзгерістерді және мамандарды үздіксіз оқыту мәселелерін талқылады.