Қазақстан халықаралық ғылыми белсенділік бойынша SCImago Research Group әзірлейтін SCImago Country Rank рейтингінде Орталық Азия елдері арасында бірінші орынға ие болды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
1996-2024 жылдар аралығындағы жинақталған деректерге сәйкес, Қазақстан әлемдік рейтингте 69-орынға тұрақтаған. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша республика 64-орынға көтеріліп, ғылыми жарияланымдар белсенділігі мен зерттеу сапасының артқанын көрсетті.
Қазақстан Орталық Азия елдері арасында айқын басымдық танытып отыр:
- Өзбекстан – 83-орын
- Қырғызстан – 130-орын
- Тәжікстан – 147-орын
- Түрікменстан – 191-орын
Бұл айырмашылық ғылымды қаржыландыру көлемі, зерттеу инфрақұрылымының дамуы, кадрлық әлеует және халықаралық ғылыми ынтымақтастық деңгейіндегі алшақтықты көрсетеді.
Жетістік ғылым және жоғары білім саласындағы жүйелі мемлекеттік саясаттың нәтижесі ретінде бағалануда. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң аясында өңірлік инновациялық экожүйелерді дамыту, зерттеу университеттері мен артықшылық орталықтарын қалыптастыру, ғылыми жобаларды бірлесіп қаржыландыру тетіктерін енгізу және жас ғалымдарды қолдау шаралары жүзеге асырылып келеді.
Сонымен қатар қазақстандық ғылыми ұйымдардың Horizon Europe бағдарламасына қатысуын кеңейту – отандық ғылымның жаһандық кеңістікке ықпалдасуының маңызды бағыты.
SCImago рейтингі Elsevier компаниясына тиесілі Scopus халықаралық библиометриялық дерекқоры негізінде түзіледі.
Әдіснама ғылыми жарияланымдар саны, олардың дәйексөз алу көрсеткіші, халықаралық ынтымақтастық деңгейі, зерттеу сапасы және ғылымның инновациялық даму мен технологиялық прогреске қосқан үлесін қамтиды.
Қазақстанның рейтингтегі позициясының нығаюы жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін айғақтап қана қоймай, елдің Орталық Азиядағы ғылыми және зияткерлік көшбасшы ретіндегі халықаралық беделін күшейтеді.
Білім мен технологиялар үшін жаһандық бәсекелестік күшейген кезеңде бұл нәтиже – ұлттық ғылыми жүйені одан әрі жетілдіру мен әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етудегі маңызды стратегиялық бағдар.