Олжас Бектенов Халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен ҚР Үкіметінің Халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастығы жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
Отырыс барысында экономикалық реформалар мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру шеңберінде халықаралық қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға бағытталған көптеген мәселелер қаралды.
Үйлестіру кеңесінің алдыңғы отырысының хаттамалық тапсырмаларын орындау қорытындылары және жобаларды жүзеге асыру рәсімдерін одан әрі оңтайландыру және жеделдету жөніндегі ұсыныстар, сондай-ақ бірлескен бағдарламаларды кеңейту перспективалары қаралды.
Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық жөніндегі ұлттық байланыс жасайтын тұлға болып белгіленгенін хабарлады.
Аталған тәсіл жобаны жүзеге асырудағы тәртіпті және бірлескен бағдарламалар мен аналитикалық зерттеулердің мақұлдау жеделдігін арттыруға мүмкіндік беретіні аталып өтті.
Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы өкілі Андрей Михнев приоритетті бағдарламаларды жоспарлау және тиімді жүзеге асыру мақсатында қаржыландыру көздерін көрсете отырып, мемлекеттік қарыздар мен мемлекеттік кепілдіктерді қамтитын көпжылдық инвестициялық жоспар бекітуді ұсынды. Энергетикалық қуат көздерінің бірінен екіншісіне көшу саласындағы бастамалар өз алдына бөлек талқыланды.
Отырысқа қатысушылар энергетикалық трансформация бойынша приоритетті жобаларды біріктіру және ұзақ мерзімді халықаралық қаржыландыруды тартуға бағытталған елдік инвестициялық платформаны қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды қарады.
Энергиямен қамту сенімділігін арттыру, технологиялық жаңарту және инвестициялар тарту құралы ретінде энергетикалық көшудің маңыздылығы атап өтілді. ҚР Энергетика, Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2025 жыл бойы ЕҚДБ-мен бірлесіп энергетика секторына назар аудара отырып, Қазақстанның әділ энергетикалық көшуі жөніндегі Елдік инвестициялық платформасының (KazJETP) тұжырымдамасын дайындады. Елдің энергетикалық секторының платформасы ауқымды халықаралық қаржыландыруды тарту және Қазақстанның климаттық мақсаттарына қол жеткізу үшін тиімді интеграцияланған жүйелік тәсіл ретінде қарастырылады. Аталған тетік халықаралық қаржы институттарының, мемлекеттік органдардың және жеке сектордың ресурстарын біріктіре отырып, климаттық қаржыландыруды үйлестіруді қамтамасыз етуге арналған. Сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарының қатысуымен жүзеге асырылатын бірқатар инфрақұрылымдық жобаны, оның ішінде су шаруашылығы, су тасқыны тәуекелдерін басқару және коммуналдық инфрақұрылым саласындағы жобаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды.
Атап айтқанда, Ақмола облысындағы Есіл өзенінде Есіл қарсы реттегішін салу және Ақмола облысы Степногорск қаласының кәріздік тазарту құрылысжайларын реконструкциялау жөніндегі жобаларға Азия даму банкінің қатысуы.
Премьер-министр экономиканы тұрақты дамыту және басым салаларға инвестициялар тарту үшін халықаралық қаржы институттарымен әріптестіктің маңыздылығын атап өтті.
Үкімет ұзақмерзімді тұрақты әсерлерге қол жеткізуге бағытталған бастамаларды қолдауды және туындаған мәселелерге жедел ден қоюды жалғастырады. Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға халықаралық әріптестермен бірлесіп ұсынылған ұсыныстарды пысықтауды, іс-қимылдарды үйлестіруді және бірлескен инвестициялық жобаларды уақтылы жүзеге асыруды қамтамасыз ету тапсырылды.