Қытайдың Үрімші қаласында Қазақстан мен Қытайдың туристік әлеуетін ілгерілету және туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында екі ел арасындағы туристік форум өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Туризм және спорт министрлігінің мәлімдеуінше, форумға Туризм және спорт министрлігі, «Атамекен» ҰКП және жергілікті атқарушы органдардың, туристік компаниялардың, туристік индустрия қауымдастықтарының өкілдері, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың БАҚ өкілдері қатысты.
Қатысушылар екі ел арасындағы туризмді дамыту перспективаларын талқылап, туристерді тарту бойынша тәжірибе мен идея алмасты, сондай-ақ жаңа туристік маршруттар құру мүмкіндіктерін қарастырды.
Форум аясында екі елдің туристік компаниялары мен ұйымдары арасындағы ынтымақтастық туралы бірқатар келісімге қол қойылды.
Бұл өз кезегінде туристік саланың дамуына және Қазақстан мен Қытай арасындағы туристер ағынының артуына ықпал етеді.
Форумдағы сөз сөйлеуі барысында Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының м.а. Нұртас Кәріпбаев Қытайдан Қазақстанға келетін туристер саны өсіп келе жатқанына және елдеріміз арасында осы саланы одан әрі дамыту үшін кедергілердің болмауына назар аударды.
Сондай-ақ осы саладағы инвестициялық қызметті күшейту үшін шетелдік қонақтар мен серіктестерді тарту мақсатында Қазақстанның туристік мүмкіндіктерін таныстырды.
Аталған туристік форумның "Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы" қарсаңында өткізілгені маңызды қадам болды.
28-29 наурызда Бейжіңде "Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының" ашылу рәсімі, ал жыл ішінде туризм түрлері бойынша бірқатар тақырыптық апталар өткізу, Қытайдың 7 ірі қаласында (Бейжің, Сиань, Шанхай, Үрімші, Гонконг, Ханчжоу, Чэнду) ТОП-20 отандық дестинациялардың тұсаукесері жоспарланған.