Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Қатар, Бахрейн және Кувейт мемлекеттерінің басшыларына осынау қиын-қыстау кезеңде шынайы қолдауы мен тілектестігін білдіріп, хат жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы достас әрі бауырлас елдердің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге бағытталған барлық әскери әрекетті батыл айыптайтынын атап өтті. Хат мәтінінде Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылық қағидаттарына берік екені айқын көрсетілген.
Қазақстан халықаралық күрделі проблемалар мен қарулы қақтығыстардың бәрін тек дипломатиялық жолмен шешуді ұдайы жақтайды, – делінген хатта.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның қашанда халықаралық құқық нормаларын сақтауды, мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеуді қолдайтынын жеткізген. Сонымен қатар Президент бауырлас араб мемлекеттеріне қал-қадерінше көмек көрсетуге дайын екенін айтып, аталған елдердің басшыларымен тұрақты қызметтік қарым-қатынасты жалғастыруға ниетті екенін білдірді.
Бұл қадам Қазақстанның сындарлы сыртқы саясатын, бейбітшілік пен дипломатияны басты құндылық ретінде ұстанатынын тағы бір мәрте айқындайды.