Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстан парламентіне 30 жыл: Қалыптасудан кәсіби заң шығаруға дейін

Бөлісу:
 Мәжіліс
Фото: Мәжіліс

Қазақстан Республикасының Парламенті – тәуелсіз елдің саяси жүйесіндегі басты институттардың бірі. Ол мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастырып қана қоймай, ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындауға тікелей ықпал етіп келеді. Биыл Қазақстан Парламентінің құрылғанына 30 жыл толуы – заң шығарушы биліктің жүріп өткен жолына тарихи тұрғыдан баға беруге мүмкіндік береді. Толығырақ BAQ.KZ шолуынан оқи аласыз.

1995 жыл: Екі палаталы Парламент

1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, Қазақстан Республикасының қос палаталы Парламенті заң шығару билігін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкілді органы болып табылады.

Қазақстан Республикасы Парламентінің ұйымдастырылуы мен қызметі, сондай-ақ оның депутаттарының құқықтық мәртебесі Конституциямен, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңмен және өзге де заңнамалық актілермен айқындалады.

Парламенттің өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған сәттен басталып, жаңадан сайланған Парламенттің бірінші сессиясы жұмысын бастаған кезден бастап тоқтатылады. Парламенттің өкілеттік мерзімі кезекті сайланымдағы Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімімен айқындалады.

Парламенттің өкілеттігі Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген жағдайлар мен тәртіпке сәйкес қана мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының Парламенті тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан – Сенат пен Мәжілістен тұрады.

Сенат конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қалалардан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сонымен қатар, Сенаттың он депутатын, оның ішінде бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әр үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі – алты жыл.

Сенатты мемлекеттік тілді еркін меңгерген өз депутаттарының арасынан жасырын дауыс беру арқылы Палата депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен сайланатын Төраға басқарады. Сенат төрағасының қызметіне кандидатураны Қазақстан Республикасының Президенті ұсынады.

Мәжіліс тоқсан сегіз депутаттан тұрады. Оның алпыс тоғызы біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша саяси партиялардың партиялық тізімдері арқылы сайланса, жиырма тоғызы бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады.

Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы Парламенттің жұмыс істеп тұрған сайланымының өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде екі ай бұрын өткізіледі. Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.

Мәжілісті мемлекеттік тілді еркін меңгерген өз депутаттарының арасынан жасырын дауыс беру арқылы Палата депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен сайланатын төраға басқарады. Мәжіліс төрағасының қызметіне кандидатураларды Палата депутаттары ұсынады.

Қазақстан парламентіне 30 жыл: Қалыптасудан кәсіби заң шығаруға дейін
Мәжіліс

Мемлекеттің құқықтық негізін қалаған заңдар

1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында Парламент елдің экономикалық және саяси тұрақтылығын қамтамасыз еткен іргелі заңдарды қабылдады. Азаматтық, Қылмыстық, Салық, Жер кодекстері қабылданып, меншік қатынастары, кәсіпкерлік, инвестициялық саясат заң жүзінде реттелді.

Сонымен қатар мемлекеттік қызмет, сот жүйесі, прокуратура, жергілікті басқару және өзін-өзі басқару салаларын қамтыған заңнамалар бекітілді. Бұл құқықтық база Қазақстанның нарықтық экономикаға өтуіне және халықаралық қауымдастықта мойындалуына негіз қалады.

Әлеуметтік және саяси жаңғыру кезеңі

2000 жылдардан бастап Парламент әлеуметтік салаға қатысты заңнаманы жетілдіруге басымдық берді. Зейнетақы жүйесін реформалау, міндетті әлеуметтік сақтандыру, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жаңғыртуға бағытталған заңдар қабылданды.

Сонымен бірге сайлау заңнамасы кезең-кезеңімен өзгертіліп, саяси партиялардың рөлі күшейе түсті. Парламенттегі партиялық фракциялар арқылы заң жобаларын талқылау мәдениеті қалыптасты.

Конституциялық реформалар және Парламенттің күшеюі

2017 және 2022 жылдары жүргізілген конституциялық реформалар Парламенттің өкілеттігін едәуір кеңейтті. Заң шығарушы органның Үкіметті бақылау тетіктері күшейіп, Мәжілістің рөлі артты. Бірқатар өкілеттік атқарушы биліктен Парламентке берілді.

Сайлау жүйесіндегі өзгерістер аралас жүйенің енгізілуіне жол ашты. Бұл Парламент құрамының жаңаруына, қоғамдағы әртүрлі көзқарастардың заң шығару процесінде ескерілуіне мүмкіндік берді.

2025 жылы да Парламент бірқатар маңызды заң жобасын қабылдады. Олардың қатарында жаңа Салық кодексі, Жасанды интеллект туралы заң, банк қызметіне қатысты заң және т.б.

Ашықтық және қоғаммен байланыс

Қазіргі таңда Парламент қызметі ашықтық қағидатына негізделген. Заң жобалары қоғамдық талқылауға шығарылып, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің ұсыныстары ескеріледі. Парламенттік тыңдаулар, Үкімет сағаттары және депутаттық сауалдар қоғам мен билік арасындағы диалогты нығайта түсті.

Бұл үрдіс заңдардың сапасын арттырып, халықтың заң шығарушы билікке деген сенімін күшейтуге бағытталған.

30 жылдық тәжірибе – болашаққа негіз

30 жыл ішінде Қазақстан Парламенті қалыптасу, орнығу және жаңғыру кезеңдерінен өтті. Ол елдің тәуелсіздігін нығайтуға, құқықтық мемлекетті дамытуға және демократиялық қағидаттарды орнықтыруға зор үлес қосты.

Бүгінде Парламент – кәсіби, жауапты әрі мемлекет дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын маңызды институт. Алдағы уақытта да ол ұлттық мүддені қорғап, әділетті әрі тұрақты Қазақстанды құру жолында шешуші рөл атқара бермек.

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ парламенттің құрылғанына 30 жыл толғанын атап өтіп, заң шығару жүйесіне қатысты пікірін айтты. Ол заң шығару қызметінің мәнін түсіндірді.

Мен 30 жыл ішінде парламенттің негізі қаланған сәттен бүгінге дейін әрі қызығушы, әрі маман ретінде “көлеңкеде” қалмаған азаматтардың бірімін. Себебі өзім құқықтанушы маман ретінде алғаш рет заң шығарушы орган жаңа құрылған сәттен бастап оған басты назар аударып келдім. Кейін тіпті қабылданған заңдар бойынша сарапшы болып қызмет атқара бастадым. Ал енді қазір осы заң шығаратын қызметтің бел ортасында жүрмін, – деді депутат.

Шапақ заң шығару қызметінің қаншалықты күрделі екенін атап өтті.

Конституциямыздың 61-бабында көрсетілгендей, қоғамның аса маңызды қарым-қатынастары тек заң арқылы ғана реттеледі. Қоғамдағы қарым-қатынастардың ішінен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын мәселелерді тек заң ретке келтіре алады. Әрқашан адамдар арасындағы қарым-қатынаста құқықтың биіктігі көрсетілуі тиіс. Конституция заңда өмір сүреді, заң арқылы оның нормалары жүзеге асып, салтанатын құрады, – деді ол.

Ол өз тәжірибесін мысал ретінде келтірді.

Мысалы, соңғы қабылданған 3 мыңға жуық заңға қарасақ, олардың барлығы маңызды. Бірде-бір заңды маңызсыз деп атауға болмайды. Бірақ мен сегізінші шақырылымға депутат болып келген сәттен бастап бүгінге дейінгі заңдарды қарап, белгілі деңгейде өз үлесімді қостым. Ең бірінші парламенттің қабырғасына келген сәттен бастап “Ұлттық қор - балаларға” заңына, Жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодекс бойынша да бастамашылардың бірі. Сондықтан мен цифрлық еліміздің құқықтық негізін құрылуына белгілі бір үлесімді қостым деп ойлаймын. Бұл өте тартысты өткен заңдардың бірі болды. Кешегі қабылданған Бюджет кодексі, Банк және банк қызметтері туралы заңды алайық. Бұл заңдарға да өз үлесімді қостым. Қаржы омбудсменінің институтының қалыптасуының құқықтық негізі бойынша да белсенді жұмыс істедік, – деді Шапақ.

Мәжіліс депутатының сөзінше, бұл Парламенттің құрылғанына 30 жыл – заң шығарушы органға үлес қосқан барлық азаматтың еңбегін бағалайтын күн.

Парламенттің құрылғанына 30 жыл толуына келетін болсақ, бұл заңға өзінің көмегін тигізген, жәрдемін тигізген, үлесін қосқан азаматтардың еңбегін бағалайтын, соған баға беретін күн деп санауымыз керек, – деді депутат.

Парламенттің 30 жылындағы 30 заң

  1. 1995 – Қазақстан Республикасының Конституциясы
    1995 – Салық кодексі (алғашқы нұсқа)
    1997 – «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заң
  2. 1997 – «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң
  3. 1999 – «Мемлекеттік қызмет туралы» заң
  4. 2001 – «Жер туралы» заң
  5. 2003 – Жер кодексі
  6. 2003 – Орман кодексі
  7. 2003 – Су кодексі
  8. 2007 – Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар
  9. 2007 – «Сайлау туралы» конституциялық заңға өзгерістер
  10. 2009 – «Бала құқықтары туралы» заң
  11. 2010 – Жаңа Салық кодексі
  12. 2011 – «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң
  13. 2014 – Қылмыстық кодекс (жаңа редакция)
  14. 2014 – Қылмыстық-процестік кодекс
  15. 2014 – Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс
  16. 2015 – «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң
  17. 2016 – «Қоғамдық кеңестер туралы» заң
  18. 2017 – Конституциялық реформа туралы заңдар пакеті
  19. 2018 – «Прокуратура туралы» жаңа заң
  20. 2019 – «Педагог мәртебесі туралы» заң
  21. 2020 – «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң
  22. 2020 – «Саяси партиялар туралы» заңға өзгерістер
  23. 2022 – «Халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асыру туралы» заңнамалық өзгерістер
  24. 2022 – Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар (референдум)
  25. 2022 – «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» заң
  26. 2023 – Әлеуметтік кодекс
  27. 2024 – «Масс-медиа туралы» заң
  28. 2025 – жаңа Салық кодексі
Өзгелердің жаңалығы