Қазақстан-Пәкістан арасындағы сауда айналымын екі есеге артады

13 Желтоқсан 2022, 15:00
1073
Бөлісу:
Қазақстан-Пәкістан арасындағы сауда айналымын екі есеге артады
PHOTO

Пәкістан Ұлттық Ассамблеясының спикері Раджа Первез Ашрафтың шақыруымен Қазақстан Парламенті Мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов бастаған делегация Исламабадқа барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сапар барысында Ерлан Қошанов Пәкістан Ұлттық Ассамблеясының спикері РаджаПервез Ашрафпен кездесіп, екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Қазақстан-Пәкістан арасындағы сауда айналымын екі есеге артады

Мәжіліс спикері әріптесін Пәкістан Тәуелсіздігінің және Парламентінің 75 жылдығымен құттықтады. Бауырлас елге бақ-береке тілеп, Пәкістан Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы маңызды серіктесі екенін атап өтті.

Биыл елдеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толды. Осы уақыттың ішінде Қазақстан мен Пәкістан жан-жақты ынтымақтастық орнатып, біраз табысқа қол жеткізді, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс Төрағасы қазіргі таңда Қазақстанда маңызды тарихи оқиғалар болып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауқымды саяси реформалар жүргізіліп жатқанына назар аударды. 

20 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланды. Келесі жылы Парламент сайлауын өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл –  біздің еліміздегі парламентаризмнің даму тарихындағы жаңа кезең. Жаңа заңнамаға сәйкес саяси партияларды тіркеу рәсімдері едәуір жеңілдеді. Нәтижесінде сайлаудан кейін Мәжілісте саяси партиялардың саны артады деп ойлаймыз. Бұл Парламенттің қоғамдағы рөлі мен беделін нығайтуға септігін тигізеді, – деді Ерлан Қошанов.

Қазақстан-Пәкістан арасындағы сауда айналымын екі есеге артады

Өз кезегінде, Пәкістан Ұлттық Ассамблеясының спикері Раджа Первез Ашраф парламенттік дипломатияның маңыздылығына тоқталды.

Парламентаралық ықпалдастық жалғаса береді. Біздің әлеуетіміз зор. Энергетика, қауіпсіздік, азық-түлік, әскери саладағы әріптестікті дамыта аламыз. Сонымен бірге бауырлас халықтарымыздың достығын нығайту маңызды. Біздің мақсатымыз – Орталық Азия елдерімен байланысты күшейту, – деді Первез Ашраф.

Қазіргі уақытта екі ел парламенттерінің байланысы жан-жақты дамып келе жатыр. «Қазақстан-Пәкістан» достық тобы табысты қызмет етуде. Бүгін екі ел депутаттары парламентаралық ынтымақтастықты арттыруға бағытталған осы топтың алғашқы отырысына қатысты. Басқосуда достық топтар мен комитеттерзаңнама саласында тәжірибе алмасу жөнінде келісті.

Сапар аясында Ерлан Қошанов Пәкістанның Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен кездесті. Онда Мәжіліс төрағасы Пәкістан Премьер-министріне Қазақстан Президентінің ыстық сәлемі мен зор ықыласын жеткізді.

Сіздің Қасым-Жомарт Тоқаевпен қысқа уақыттың ішінде екі рет кездесуіңіз елдеріміздің достығын тереңдетіп, байланысымызды арттыра түсуде. Осындай жоғары деңгейдегі қатынастарымыздың жалғасы ретінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы уақытта Исламабадқа ресми сапары жоспарланып отыр. Бұл сапар достас елдер арасындағы тығыз қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, одан әрі дамуына зор серпін беретініне сенімдімін, – деді Мәжіліс спикері.

Ерлан Қошанов Пәкістан мемлекеті Қазақстан Тәуелсіздігін ең алғашқылардың бірі болып таныған ел екенін ерекше атап өтті.

Қазіргі таңда Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас жыл санап артып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 100 миллион долларға жуықтады. Алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе ұлғайып отыр.

Пәкістан Премьер-министрі Шехбаз Шариф екі жылда Қазақстан мен Пәкістан арасындағы  сауда-саттықты екі есе арттырға мүмкіндік бар екеніне баса мән берді.

Бүгінгі Ұлттық Ассамблеяның спикерімен кездесуіңіз табысты болды деп ойлаймын. Парламенттеріміздің байланысы нығайып, экономикалық ынтымақтастықты күшейтуге барлық мүмкіндік бар. Әсіресе, сауда-саттық, логистика, ауыл шаруашылығы, білім мен ғылым саласындағы серіктестіктің әлеуеті зор. Президент Тоқаевқа менің ыстық сәлемімді жеткізуіңізді сұраймын. Алдағы  кездесуімізді асыға күтемін және жемісті өтетініне кәміл сенемін, – деді Шехбаз Шариф.  

Қазақстан-Пәкістан арасындағы сауда айналымын екі есеге артады

Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы Пәкістан Президенті Ариф ур-Рехман Алвимен және Пәкістан Сенатының төрағасы Мухаммад Садик Санджранимен жеке-жеке кездесті.

Мәжіліс төрағасы 230 миллионнан астам халқы бар Пәкістан нарығы Қазақстан үшін үлкен қызығушылық тудырып отырғанына мән берді.

Пәкістанның теңіз порттарына шығу еліміз үшін тиімді болар еді. Біз астық, энергоресурстар және басқа да тауарларды экспорттау мүмкіндігін пысықтап жатырмыз. Бізге өңірлік транзиттік және логистикалық инфрақұрылымды дамытудың маңызы зор, – деді Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ кездесулерде халықаралық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері де талқыланды.

Тараптар достық байланыстарқос ел көшбасшыларының өзара тиімді ықпалдастығының жемісі екеніне назар аударды. Екіжақты байланысты күшейтуге бағытталған бұл жұмыстар Парламент деңгейінде қызу жалғасады.

Өзгелердің жаңалығы