Бұл сұраққа онлайн марафонда өтіп жатқан «Азық-түлік қауіпсіздігі» тақырыбындағы пікірсайыс алаңында спикерлер жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық индексінде Қазақстан 2022 жылғы нәтиже бойынша азық-түлік позициясын жақсартқан. Еліміз 41-орыннан 32-орынға көтерілген. Азық-түлік өнімдері бойынша еліміздің әлеуеті жайлы онлайн марафонда спикерлер біршама мәселелерге тоқталды.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроазық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаментінің директоры Қанат Жауынбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта дұрыс тамақтану қоржынындағы 29 негізгі өніммен еліміз қамтамасыз етілген. Қазақстан өзін құс етімен 74 пайыздан астам қамтамасыз етеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамы бойынша, 2026 жылға қарай елімізде өндірілетін азық-түлік өнімдерімен өзін барынша қамтамасыз ете алады.
Ал, ҚСЗИ сарапшысы Бекжан Садықовтың айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда негізгі азық-түлік тауарлары бойынша оң сауда бірлігі қалыптасқан. Дегенмен, мемлекетке әлі де өнімді өндіру және өңдеу мәселесін шешу қажет. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібін дамыту керек.
Картоп және көкөніс өсірушілер қауымдастығының басшысы Қайрат Бисетаевтың айтуынша, Қазақстанның әлеуеті өзін-өзі асырауға шамасы келеді. Еліміз өзін-өзі асырап қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін дүние жүзіне экспорттай алады.