Қазақстан нарығына италиялық банк келеді

30 Қазан 2024, 11:04
358
Бөлісу:
Қазақстан нарығына италиялық банк келеді
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Қазақстанда Cassa Depositi e Prestiti мемлекеттік банкінің несие желісі ашылуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл жайында Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Италияның сыртқы істер министрінің орынбасары Эдмондо Чириеллидің екі жақты кездесу барысында мәлім болды.

Арман Шаққалиевтің айтуынша, Италия Еуропалық Одақ елдері арасында Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. 2023 жылы екі ел арасындағы жалпы тауар айналымы - $16,1 млрд, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,8%-ға көп. Қазақстаннан Италияға экспорт $14,8 млрд жетті, ал импорт - $1,2 млрд, бұл өсімнің оң динамикасын көрсетіп отыр.

Сауда-саттықтың өсуі осы жылы да жалғасын тапты. 2024 жылдың 8 айында сауда көлемі 33%-ға өсіп, $13,8 млрдқа жетті. Қазақстандық өнімнің экспорты 36% -ға артып, $12,9 млрд-қа өсті.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 29 қазанда Астанада экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Италия үкіметаралық жұмыс тобының (ҮАК) 9-шы отырысы өткенін атап өтті. Отырыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаңтар айында Италияға сапарынан кейінгі тапсырмасы шеңберінде өтті және сауда-экономикалық мәселелерді талқылауда маңызды рөл атқарады.

Италиялық қонақ Эдмондо Чириелли шақырғаны үшін алғысын білдіріп, кездесудің маңыздылығын атап өтті.

Біздің сауда-экономикалық саладағы қарым-қатынасымыз нығая түсетініне сенімдіміз. Қазақстан Орталық Азияда негізгі орынға ие және Еуропаны өңірмен байланыстырады. Екіжақты сауда көлемі едәуір өсті және біз қол жеткізілген нәтижелерге қанағаттанамыз. Біз Қазақстанда Cassa Depositi e Prestiti мемлекеттік банкінің несие желісін ашуды жоспарлап отырмыз. Екі ел арасындағы қарым-қатынастың дами беретініне сенімдіміз. Бұл кездесулерді өткізу біздің ынтымақтастығымыздың алты жылдық кезеңін аяқтаған маңызды кезең болды, - деді Италияның сыртқы істер министрінің орынбасары.

Өзгелердің жаңалығы