Түркия Республикасының Ұлттық қорғаныс министрі Яшар Гюлер бастаған делегация Қазақстанға ресми сапармен келді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жоғары мәртебелі қонақтың сапары «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.
Содан кейін Қазақстан Қорғаныс министрлігінде құрмет қарауыл ротасы мен әскери оркестрдің қатысуымен Түркия Республикасының Ұлттық қорғаныс министрі Яшар Гюлерді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Қазақстан мен Түркия қорғаныс ведомстволарының басшылары генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен Яшар Гюлер өзара іс-қимылды кеңейтуге ұмтылысты растай отырып, екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамуын атап өтті.
Кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында тараптар әскери-техникалық ынтымақтастық, жауынгерлік дайындық және әскери білім беру мәселелерін талқылады.
Қазақстанға қош келдіңіздер. Бүгінде екі ел қорғаныс ведомстволары арасында қызметтің көптеген бағыттары, соның ішінде қорғаныс-өнеркәсіп кешені бойынша тығыз қарым-қатынастар дамыған. Қазақстанның әскери қызметшілері Түркия аумағында өткізілетін «Efes» және «Қыш» жаттығуларына тұрақты негізде қатысып келеді. Біздің курсанттар Түркияның әскери жоғары оқу орындарында білім алуда. Жыл сайын екі елдің әскери қызметшілері арасында өзара тәжірибе алмасу жүргізіледі. Сіздің бүгінгі сапарыңыз екіжақты ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін береді деп ойлаймын, – деді генерал-полковник Руслан Жақсылықов.
Өз кезегінде Түркия Республикасының Ұлттық қорғаныс министрі Яшар Гюлер қорғаныс ведомстволары арасындағы әріптестіктің қарқынды дамығанына тоқталып, жылышырайлы қабылдау үшін ризашылығын білдірді.
Біздің қарым-қатынасымыз ортақ тарихымыз бен өзара түсіністікке негізделген. Қазақстан Орталық Азиядағы сенімді серіктесіміз. Біз оқу-жаттығуларымызда Қазақстан әскери қызметшілерінің жоғары дайындық деңгейін ерекше атап өтеміз. Осы бағыттағы өзара іс-қимылды арттыруға мүдделіміз. Сонымен қатар, Түркия Қарулы күштері жауынгерлік дайындық, әскери білім беру және қорғаныс-өнеркәсіп кешені мәселелеріндегі ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті, – деп атап өтті Яшар Гюлер.
Түркия Қорғаныс министрі Яшар Гюлер құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырды. Түркия қорғаныс ведомствосының басшысы серіктестік қатынастарды дамытуға өзара ұмтылыстың белгісі ретінде Қазақстан Қорғаныс министрлігі ғимаратының жанындағы «Достық аллеясына» ағаш отырғызды.