Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымы 32%-ға өсті

1 Қаңтар 2022, 11:13
2277
Бөлісу:
Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымы 32%-ға өсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы екі ел арасындағы ынтымақтастық пен саяси-экономикалық байланысының бір жылын қорытындылады.

Пандемия шаралары аясында өткен жыл бәрімізге оңай соққан жоқ. Дегенмен, биылғы маусым Қазақстан мен Түркия ынтымақтастығы үшін маңызды жыл болды. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев алғаш рет арнайы сапармен Ыстамбұлға келіп, Түркі Кеңесінің саммитіне қатысты. Онда, күллі түркі үшін маңызды шешімдер қабылданып, кеңес атауы- Түркі Мемлекеттері Ұйымы болып өзгертілді - деп жазды ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Екі ел арасындағы сауда айналымы 32%-ға өсіп, Түркия алғаш рет еліміздің ондық сауда серіктесінен бестігіне көтерілді. Экспортымыз 38%-ға, импортымыз болса 23%-ға артты.

Пандемияға қарамастан түрік іскерлерімен 550 кездесу өткізіп, еліміздің инвестициялық тартымдылығын таныстырдық. Келіссөздер 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35%, 2019 жылдан 111% көп. Нәтижесінде жаңа 8 зауыттың ашылуы жүзеге асты. 2021 6 айында өткен жылмен салыстырғанда 80% инвестиция артты. Әсіресе, оңтүстік және түрік халқы үшін көптен күткен Түркістан- Ыстамбұл- Түркістан бағытында әуе сапарлары тұрақты ұша бастады - деді ол.

Биыл әскери саладағы жетістігіміз айырықша атап өткім келеді. Қос елдің сарбаздары бірлескен әскери оқу жаттығу өткізіп, қорғаныс өнеркәсібі саласында бірқатар келісімдерге келді.

2021-де туыстас халықпен мәдени- гуманитарлық байланысымыз одан әрі беки түсті. Елшілігіміздің ұйытқысымен бір жылда 60-қа жуық шара өтті. Оның 30-дан астамы конференция, симпозиум, конгресс, фестиваль мен спорттық жарыстар. Қоғамдық қайраткерлер мен көрнекті өкілдеріміздің 20 кітабы түрік тілінде жарық көрді. Сондай-ақ, Анадолыда қазақтың 3 ескерткіші бой көтеріп, Қазақстан мен қазақтың ұлы тұлғаларының есімімен аталған 3 даңғыл мен көшенің салтанатты ашылуы жүзеге асты. Бұдан бөлек, үш саябаққа есім берілді - деді Елші.

Елбасы және Ұлттық кітапхана бар еліміздің тарихы мен басты реформалары, саяси тұлғалары мен көркем- өнер туындыларынан құралған бес көрме түрік көрермендерінің көңілінен шықты.

Бастысы, түріктің белді БАҚ-да Қазақстанға байланысты 47 ақпараттық- танымдық және сараптамалық мақалалар жарық көрді. Сонымен қатар, 20-ға жуық түрік және халықаралық арналарға сұхбат беріп, арнайы бағдарламалардың қонағы болдым. Түркияда өмір сүретін азаматтарымыз, білім алушы жастарымыз бен қандастарымыз біз үшін бірінші кезекте. Бұл ретте, отандастарымыз бен диаспорамен тығыз байланыста көптеген шараларды жүзеге асырдық. Түрлі деңгейде кездесу өткізіп, бірқатарымен оңаша бас қостық. Ал, Ыстамбұл, Анкара және Анталиядағы консулдықтарымызда 5700-ге жуық азаматтарға мемлекеттік және консулдық қызмет көрсетілді. Үш шаһардағы дипломаттарымыз күні- түні демей әртүрлі жағдайдағы отандастарымыздың қасынан табылды. Елшілік ретінде мұнымен шектелмейміз! 2022 жылға жоспар мол. Жаңа жылға сақадай саймыз! Барыс жылы берекесімен келсін! Әрбір отбасына бақыт пен табыс тілеймін - деді Абзал Сапарбекұлы.

Өзгелердің жаңалығы