Қазақстан мен Түркия арасында сауда-саттық нығаяды

18 Сәуір 2024, 10:41
368
Бөлісу:
Қазақстан мен Түркия арасында сауда-саттық нығаяды
Фото: pixabay.com

Бүгін Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» заңы ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Түркия елі Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сәйкес, өткен жылы Қазақстан мен басқа елдер арасындағы ең көп тауар айналымы бойынша Түркия 5-ші орында тұрақтаған. Алдыңғы қатарда тұрған Қытай (31,5 млрд доллар), Ресей (26,0 млрд доллар), Италия (16,1 млрд доллар), және Оңтүстік Корея (6 млрд доллар) елдеріне жол берген. Бұл ретте Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 6 млрд доллар, экспорт көлемі 3,6 млрд доллар, ал импортталған түркиялық тауарлар көлемі 2 млрд долларға жеткен.

Бүгінге дейін Түркияның Қазақстанға салған тікелей инвестициясының көлемі 5 млрд долларға жуықтаған. Алдағы жылдары бұл көрсеткішті 10 млрд долларға жеткізу жоспарланып отыр. Осыған орай екі ел арасында жүзеге асырылатын тасымалдарды заңнамалық реттеу қажеттілігі өзекті деп есептейміз. Аталған келісім әртүрлі көлікті пайдалана отырып, халықаралық жүк тасымалдарын жеңілдетуге, сонымен қатар Қазақстан мен Түркия арасындағы транзиттік және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Келісім мемлекеттерді байланыстыратын темір жол желілерінде, оның ішінде халықаралық контейнерлік блок-пойыздар үшін тиісті байланыстар мен транзиттік қызметтерді ұсынуды қарастырады. Тараптар Каспий теңізінде тұрақты жол-паромдық операцияларды жүзеге асырады,-деді сенатор Әлібек Нәутиев.

Сенатордың айтуынша, кедендік рәсімдеу ережелерін есепке ала отырып, екі ел арасындағы жүктерді халықаралық тасымалдау шарттарын айқындайды.

Қазіргі уақытта Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы Қытайдан Еуропаға жүктерді жеткізу мерзімін қысқарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Оған темір жол, автомобиль және су көлігі жұмылдырылған. Қазіргі уақытта Қытайдан Еуропаға транзитпен жүктерді өткізу және тауарларды жеткізу мерзімі 19-23 күнді құрайды. Оның ішінде Қазақстан аумағы бойынша – 6 күн. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге аз. Заң Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамытуды көздейді және екі ел арасында авто, темір жол және су көлігімен тасымалданатын жүктерді жеткізу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді,-деді сенатор.

Екі ел арасындағы жүк тасымалдаудың арқасында компаниялар саны да артады.

Сенатордың айтуынша, транскаспий халықаралық көлік бағытының мүмкіндігі зор. Осы орайда Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы тауар тасымалдап, одан әрі Баку-Тбилиси-Карс теміржол желісімен жүктерді жөнелту бойынша жұмыс жалғасады.

Өзгелердің жаңалығы