Қазақстан мен Түркия әлеуметтік әділеттілік қағидаларын бірлесіп жүзеге асырады

20 Сәуір 2022, 20:42
1796
Бөлісу:
Қазақстан мен Түркия әлеуметтік әділеттілік қағидаларын бірлесіп жүзеге асырады
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Анкарада Кәсіподақтар федерациясы төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған делегациясының жұмыс сапары аясында Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы мен HAK-IS (Түркия Республикасы) Кәсіподақтар конфедерациясы арасында  ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. 

Бұл туралы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы хабарлады.

Құжатқа Қазақстан мен Түркияның екі ірі кәсіподақтар бірлестігінің жетекшілері КФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мен HAK-IS Кәсіподақтар конфедерациясының президенті Махмуд Арслан қол қойды. 

Қазақстан мен Түркия әлеуметтік әділеттілік қағидаларын бірлесіп жүзеге асырады

Құжатқа сәйкес, тараптар лайықты еңбек пен әлеуметтік әділеттілікті алға бастыру қағидаларын бірлесіп жүзеге асыруға келісті.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин түрік әріптестерін Кәсіподақтар федерациясы қызметінің негізгі бағыттарымен, атап айтқанда, ҚРКФ бас кеңесі жариялаған Әлеуметтік әріптестік жылы аясында әлеуметтік әріптестікті одан әрі нығайту және дамытуға негізделген әлеуметтік-еңбек саласындағы өзекті мәселелерді шешу іс-шараларымен таныстырды. Ол Қазақстан мен Түркия кәсіподақтарының республикалық бірлестіктері арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан кәсіподақтары үшін халықтарымыздың ортақ тамыры мен ортақ тарихы маңызды. Біздің елдер арасындағы қарым-қатынасты жоғары бағалай отырып, Кәсіподақтар федерациясы олардың одан әрі қарқынды дамуына үлес қосуға ниетті. Түрік кәсіподақтарымен екіжақты ынтымақтастық орнату - Қазақстан халқына тән «халық дипломатиясының» элементі. Түркия – Қазақстанның саяси және экономикалық саладағы сенімді серіктестерінің бірі. Қазақстан кәсіподақтары қос мемлекет еңбеккерлерінің игілігі үшін түрік кәсіподақтарымен бауырластық пен ынтымақтастықты нығайтуға атсалысады, - деді Сатыбалды Дәулеталин.

Қазақстан мен Түркия әлеуметтік әділеттілік қағидаларын бірлесіп жүзеге асырады

Өз тарапынан HAK-IS Кәсіподақтар конфедерациясының президенті Махмуд Арслан түрік кәсіподақтары Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына мүшелікті қалпына келтіру жөніндегі ниетін қолдайтынына сендірді.

Екі ұлттық кәсіподақтар орталығының жетекшілері кәсіподақ күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, түрік тарапы түркітілдес елдер кәсіподақтарының бірлестігін құру мәселесін қарауға шығарды. Тараптар бұл бастаманы егжей-тегжейлі талқылауға келісті.

Қазақстан мен Түркия әлеуметтік әділеттілік қағидаларын бірлесіп жүзеге асырады

Қазақстандық және түрік кәсіподақтарының өзара іс-әрекетін одан әрі дамыту HAK-IS вице-президенті, металлургтер салалық кәсіподағының президенті Юнус Дегирменчимен, денсаулық сақтау салалық кәсіподағының президенті Девлет Сертпен, ESDER қолөнершілер қауымдастығының басшысы Mahmut Celikus және Анкараның Кесионер ауданының мэрі Тургут  Алтинокпен кездесулер аясында жалғасты.

Еске салайық, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының делегациясы жұмыс сапарымен Анкарада жүр. Сапар аясында қазақстандық делегацияның TÜRK-İŞ Конфедерациясының басшылығымен келіссөздері жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы