Ауыл шаруашылығы министрінің Түркия Республикасына сапары аясында «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» басқарма мүшесі Ерлан Айтаханов түрік ұйымдарымен ынтымақтастық туралы үш құжатқа қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
1) Түркия Республикасының Ауыл шаруашылығын зерттеу және саясат Бас басқармасы (TAGEM) мен ҰАҒББО арасындағы ауыл шаруашылығын зерттеу және ынтымақтастық туралы хаты;
2) ҰАҒББО пен түрік омарташылар қауымдастығы арасындағы Халықаралық ғылыми-практикалық ынтымақтастық туралы меморандум;
3) ҰАҒББО пен Сивас ғылым және технологиялар университеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.
Бұл құжаттар Қазақстан мен Түркия арасындағы аграрлық ғылым саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған, сондай-ақ ауыл шаруашылығының түрлі салаларында тәжірибе, білім және технологиялар алмасуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ҰАҒББО делегациясы Түркия тұқым өндірушілері мен жеткізушілер қауымдастығының (TSUAB) кеңсесінде болды. Кездесу аясында екі тарап тұқым шаруашылығы және сорттық сынақтар бағаытында бірлесе жүргізіп жатқан жұмыстарды талқылап, ортақ жоспарларымен бөлісті.
Ресми кездесулер аясында ҰАҒББО делегациясы Анкара қаласында орналасқан дала дақылдары ғылыми-зерттеу институтының генетикалық тұқым банкінің жұмысымен танысты. Түрік ғалымдары генетикалық тұқым банкінің құрылымымен таныстырып, оны қолдану тәсілдері туралы баяндады. Сондай-ақ, түрік ғалымдарының дәнді және майлы дақылдар бойынша селекциялық жетістіктері назарға ұсынылды.
Кездесу соңында ҰАҒББО өкілдері генетикалық банкін құру бойынша ұсынылған ақпарат үшін түрік әріптестеріне алғысы шексіз екенін жеткізді.