Қазақстан мен Тәжікстан стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарын нығайтуды жалғастыруда

Бүгiн, 06:05
185
Бөлісу:
Қазақстан мен Тәжікстан стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарын нығайтуды жалғастыруда
Фото: Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанаға ресми сапармен келген Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинмен келіссөздер өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды, атап айтқанда екі ел арасындағы саяси, экономикалық, су-энергетикалық, транзит-көліктік және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың басым бағыттары қаралды.

Тараптар достық пен өзара құрмет рухында стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайтуға өзара бейілділігін атап өтті.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары 2023-2024 жылдары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Душанбеге және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның Астанаға жасаған өзара мемлекеттік сапарлары шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтардың практикалық іске асырылу барысын егжей-тегжейлі қарастырды.

Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ерекше назар аударылды. Қазақстан көптеген жылдар бойы Тәжікстанның ірі сауда серіктестерінің «үштігіне» кіреді. Қабылданған шаралардың арқасында өткен жылы өзара сауда көлемі 7,4%-ға өсіп, 1,2 млрд АҚШ долларды құрады. Тараптар тауар айналымын 2 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі мемлекет басшылары қойған мақсатқа қол жеткізу үшін келісілген шаралар қабылдауға келісті.

Ауыл шаруашылығы саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыру қажеттілігі аталып өтті, оның үлесі екі елдің жалпы тауар айналымының 40%-дан астамын құрайды. Қазақстан дәстүрлі өнімдер – бидай, ұн және кондитерлік өнімдердің экспортын өзара тиімді түрде арттыруға дайын. Үшінші елдерге одан әрі экспорттау үшін жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу бойынша бірлескен кәсіпорындар құру да перспективалы бағыт екені айтылды.

Тәжікстан – еліміз үшін Орталық Азиядағы стратегиялық серіктесіміз және нағыз сенімді одақтас. Өткен жылы биік деңгейде қол қойылған Одақтастық қатынастар туралы шарт тарихи қадам екені сөзсі», – деп мәлімдеді М.Нұртілеу.

Өз кезегінде тәжік министрі елдер арасындағы өзара қарым-қатынастың осындай жоғары деңгейіне мемлекет басшылары арасындағы сенімді әрі достық диалогтың арқасында қол жеткізілгенін атап өтті.

Біз Қазақстанмен қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз және сауда-экономикалық трекке үлкен мән береміз, оны практикалық мазмұнмен толтыру қажет, – деді С.Мухриддин.

Сондай-ақ ғарыштық және IT-технологияларды игеру, жасанды интеллект пен цифрландыруды дамыту салаларындағы өзара іс-қимыл перспективалары қарастырылды. Атап айтқанда, екі елдің мамандары Тәжікстан серверлерінде "Интернет-ресурстардың бірыңғай платформасы" және "SmartBridge" жүйелерінің негізгі компоненттерін сәтті орналастырды. Осы бастамаларды іске асыру үшін қазіргі уақытта 100-ден астам тәжік мамандары "Astana-Hub-та" тегін оқудан өтіп жатыр.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың мазмұнды күн тәртібі аталып өтті. Мемлекет басшыларының тапсырмасына сәйкес соңғы екі жылда Қазақстан мен Тәжікстанның ауқымды мәдениет күндері өтті, олар екі мемлекеттің қоғамдық топтары арасында оң пікірлер тапты. Душанбеде Абайдың бюсті, сондай-ақ Астанада ибн Сина мен Рудаки ескерткіштері орнатылды. Жоғары білім беру саласында бірлескен жобалар табысты іске асырылуда. Атап айтқанда, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қатысуымен М.Осими атындағы Тәжік техникалық университетінде бірлескен ақпараттық технологиялар факультеті тиімді жұмыс істеуде.

Кездесу барысында министрлер өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша "сағаттарды теңестіріп", көпжақты құрылымдар шеңберінде одан әрі тығыз ынтымақтасуға, екі мемлекеттің халықаралық бастамаларын ілгерілету кезінде өзара қолдау көрсетуге бейілділігін растады.

СІМ басшылары өңірлік кооперацияны одан әрі дамытудың, Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту жөніндегі бірлескен күш-жігердің, оның ішінде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері, Халықаралық Аралды құтқарудың қоры, АӨСШК, ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ және басқа да халықаралық алаңдардың шеңберінде өзара ықпалдасудың маңыздылығын атап өтті.

Ресми сапар барысында Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі С.Мухриддин Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында да болды.

Өзгелердің жаңалығы