Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуының қарсаңында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев пен Тәжікстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Содик Имомидің қатысуымен саяси консультациялар өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-тәжік ынтымақтастығының өзекті мәселелерінің кең ауқымы талқыланды. Халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберінде екі елдің өзара іс-қимылы бойынша пікірлер алмасылды.
Жоғары және аса жоғары деңгейдегі алдағы кездесулердің кестесі егжей-тегжейлі қаралды. Ынтымақтастықтың шарт-құқықтық базасын кеңейту және бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру жөніндегі жұмысты жандандырудың маңыздылығы атап өтілді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар достық, тату көршілік және стратегиялық әріптестік тұрғыда екіжақты байланыстарды жалғастыруға келісті.