Мәскеуде Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен Ресей Мемлекеттік Думасы арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі палатааралық комиссияның XII отырысы өтті. Іс-шараға Мәжіліс вице-спикері Альберт Рау мен Мемлекеттік Дума төрағасының орынбасары Александр Жуков төрағалық етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында тараптар мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген келісімдерді іске асыру, заңнамалық қолдауды күшейту және экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Альберт Рау екіжақты тауар айналымының тұрақты өсіп келе жатқанын атап өтіп, оны жақын арада 30 млрд долларға дейін жеткізу жоспары бар екенін айтты. Оның сөзінше, қазір жалпы құны 50 млрд доллардан асатын 170-тен астам бірлескен жоба іске асуда, шамамен 65 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Депутаттар сараптаған маңызды бағыттар:
Солтүстік және шығыс өңірлерді газдандыру – газ инфрақұрылымын кеңейту шарттары талқыланды;
Атом энергетикасы – қауіпсіз технологиялар мен бірлескен зерттеу бастамалары;
Логистика – «Солтүстік–Оңтүстік» көлік дәлізін дамыту, Таяу Шығыс пен Үндістанға шығатын құрлық жолын қысқарту;
Ауыл шаруашылығы – астықты терең өңдеу, техника өндіру, ветеринариялық және фитосанитарлық жүйелерді біріктіру;
Цифрлық және ЖИ технологиялары – киберқауіпсіздік, алаяқтықтан қорғау, ЖИ-ді этикалық қолдану;
Миграциялық саясат – студенттер, тасымалдаушылар мен қызметтік мақсатта жүретін азаматтарға РФ аумағында болу мерзімін жеңілдету;
Білім және туризм – ресейлік ЖОО филиалдарының қызметін реттеу және саланы дамыту.

Отырыс қорытындысында Альберт Рау мен Александр Жуков өзара уағдаластықтар Қазақстан мен Ресей арасындағы барлық саладағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.