Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы былтыр 34%-дан асты. Бұл туралы Ресей президенті Владимир Путин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен Кремльдегі кездесуінде айтты.
ТАСС Facebook парақшасында екі ел президентінің кездесуінен видео таратты.
Өткен жылдардағыдай, Ресей мен Қазақстан арасындағы өзара іс-қимыл әлеуетін, ең алдымен, экономикалық тұрғыдан пайдаланамыз деп үміттенемін. Ресей Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық серіктесі екенін тағы да атап өткеніме қуаныштымын. Былтыр тауар айналымы 34%-дан асты. Менің ойымша, бұл 26,5 миллиард доллар. Бұл - өте жақсы көрсеткіш. Біз халықаралық алаңдарда белсенді серіктеспіз, - деді Путин.
Ресей президенті биыл дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толғанын атап өтті.
Ресей басшысы биылдың күзіне бірқатар маңызды іс-шара жоспарланғанын айтты. Бұл елдер арасындағы іскерлік және гуманитарлық байланыстарды дамытуға пайдасын тигізеді.
Атқарылатын жұмыстар бар. Ғарыш, энергетика және машина жасау салаларында ірі жобалар бар. Ресейлік инвестицияның жалпы көлемі 17 миллиард долларды құрайды, бұл - лайықты көлем. Сондықтан біз жұмысты жалғастырамыз және әрине, бүгін бізде талқылайтын мәселе бар. Мен сізді көргеніме өте қуаныштымын. Қош келдіңіз! – деп айтты ол Тоқаевқа.