Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі және Қытай Халық Республикасының Жер сілкіністері жөніндегі басқармасы арасында сейсмикалық қатерлерді азайту саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан тарапынан құжат алмасудың ресми рәсіміне Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов қатысса, Қытай тарапынан Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хан Чунлинь қатысты.
Ынтымақтастық аясында жер сілкіністері туралы ерте ескерту жүйелерін біріктіру, сейсмология саласындағы ғылым мен технологияларды дамыту, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасында сейсмикалық ақпаратпен нақты уақыт режимінде алмасу көзделіп отыр.
Аталған келісім елдер арасындағы табиғи апаттар қаупін басқару ісінде өзара ықпалдастықты арттырып, ықтимал сейсмикалық апаттардың салдарын азайтуға, сондай-ақ азаматтарды уақтылы әрі нақты ақпаратпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.