Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысу аясында ҚХР Сыртқы істер министрі Ван Имен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде тараптар саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және көлік-логистикалық салалардағы ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.
Министрлер екіжақты саяси диалогтың жоғары деңгейін атап өтті. Нұртілеу мырза Қазақстан мен Қытай басшылары арасындағы келіссөздер нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтарды сапалы жүзеге асырудың маңызын атап өтті.
Ағымдағы жылы Астанада өткен мемлекеттер басшыларының ашық әрі сенімді форматтағы келіссөздері ынтымақтастықтың жаңа көкжиегін айқындады. Ендігі ортақ міндет – осы уағдаластықтарды тиімді іске асыру, – деді М.Нұртілеу.
Сондай-ақ энергетика, инвестиция және транзиттік-көлік салаларындағы серіктестікті кеңейту мәселелері көтерілді.
Кездесу соңында министрлер БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және "Орталық Азия – Қытай" секілді халықаралық ұйымдар аясындағы көпжақты өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті.