Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстан мен Қытай шекарасында құрғақ жүк порты салынады

1 Қазан 2025, 08:53
450
Бөлісу:

Қазақстан мен Қытай шекарасында "Көлжат құрғақ порты" көлік-логистикалық орталығы салынады. Жобаның жалпы аумағы 8,4 мың гектарды құрайды: оның 1 мың гектары көлік-логистика және индустриялық нысандарға, ал 7,4 мың гектары ауыл шаруашылығына арналмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz арнасына сілтеме жасап.

Жоба аясында 45 мың шаршы метрге дейінгі қоймалар, уақытша сақтау алаңдары, контейнерлік терминал, шекара маңы сауда орталығы, электрондық сауда алаңы, сондай-ақ тұрғын және индустриялық аймақтар салу жоспарланған.

Қазіргі уақытта 25 жобаның 15 бірлескен бастамасы жүзеге асып, 80 млрд теңге инвестиция тартылған. Соның арқасында 200-ден астам адам жұмыспен қамтылып отыр, олардың 90%-ы – Қазақстан азаматтары.

Жобаның екінші кезеңі 2026-2028 жылдары іске асырылмақ. Бұл уақытта 50 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, экспортқа бағытталған өнім өндіретін және қайта өңдеу кәсіпорындары бар индустриялық аймақ құрылмақ. Сондай-ақ төмен температурада сақтауға арналған қоймалар салу жоспарланған.

Үшінші кезең 2028-2030 жылдары жүзеге асады. Бұл кезеңде құрғақ порт аумағында сауда нысандары, қонақүй және көрме павильондары ашылады.

Өзгелердің жаңалығы