Қазақстан мен Қытай арасында медицина саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды

1 Шілде 2022, 21:20
1300
Бөлісу:
Қазақстан мен Қытай арасында медицина саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР Денсаулық сақтау істері жөніндегі мемлекеттік комитеті партиялық тобының мүшесі, Дәстүрлі медицина істері жөніндегі мемлекеттік басқарма басшысының орынбасары Юй Яньхунмен кездесті.

Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында тараптар медицина және денсаулық сақтау саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайын және оны дамыту перспективаларын талқылады, сондай-ақ дәстүрлі медицина саласында өзара ықпалдасу, өзара тәжірибе алмасу, оның ішінде қазақстандық дәрігерлердің Қытайда тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру мәселелері көтерілді.

Ш.Нұрышев сұхбаттасушыны Қазақстандағы ағымдағы эпидемиологиялық жағдаймен таныстырып, қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай денсаулық сақтау органдары арасындағы ынтымақтастық іс жүзінде оң нәтижелер көрсетіп, екі елдегі індеттің жағдайын едәуір жеңілдетуге ықпал етіп отырғанын атап өтті.

Бұл тұрғыда, екі ел арасындағы тұрақты әуе қатынастарының жуырда қалпына келуін ескеріп, қазақстандық дипломат ҚХР Денсаулық сақтау істері жөніндегі мемлекеттік комитеті өкілінің назарын қазақстандықтар үшін Чэнду мен Үрімші қалаларында карантиндік талаптарды жеңілдетуге және олардың карантинде болудың лайықты жағдайлармен қамтамасыз етуге аударды.

Өз кезегінде, Юй Яньхун ҚР мен ҚХР арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестігін одан әрі нығайту мақсатында екі ел арасындағы медицина және денсаулық сақтау саласындағы өзара ықпалдасуды жандандыруға қытайлық тараптың дайын екендігін білдірді. Сонымен бірге, ол Қазақстан мен Қытайдың  ШЫҰ, «Орталық Азия – Қытай» тетігі және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында денсаулық сақтау саласындағы тығыз үйлестіруін ерекше атап өтті.

Сұхбаттасу кезінде тараптар «Орталық Азия-Қытай» мемлекет басшылары онлайн-саммитінің қорытындысы бойынша қабылданған 2022-2025 жж. арналған өңірлік ынтымақтастықты дамыту жөніндегі Жол картасы шеңберінде бірлескен іс-шараларды өткізу мәселесі бойынша пікір алмасты.

Кездесудің соңында медицина және денсаулық сақтау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту және одан әрі дамыту мақсатында ҚР-дың ҚХР-дағы Елшілігі мен ҚХР Денсаулық сақтау істері жөніндегі мемлекеттік комитеті арасында тығыз жұмыс байланыстарын сақтау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Өзгелердің жаңалығы