Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қырғызстанға жасаған ресми сапары аясында Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде тараптар екіжақты ынтымақтастықтың жоғары қарқынын атап өтті. Саяси диалогтың тұрақты нығаюы мен жан-жақты өзара іс-қимылдың кеңеюі екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін көрсетті.
Мұрат Нұртілеу мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында қазақ-қырғыз байланыстары одақтастық деңгейде дамып келе жатқанын айтып, Қазақстанның бауырлас Қырғызстанмен ұзақ мерзімді серіктестікті нығайтуға бейілді екенін жеткізді.
Келіссөздер барысында министрлер жоғары деңгейдегі уағдаластықтардың орындалу барысын талқылап, парламентаралық, үкіметаралық және өңіраралық байланысты нығайтуға дайын екендерін білдірді.

Келесі маңызды оқиға ретінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға алдағы ресми сапары және Жоғары мемлекетаралық кеңестің жетінші отырысына дайындық мәселелері қозғалды.
Министрлер сауда-экономикалық серіктестікті дамыту, өзара тауар айналымын 3 млрд АҚШ долларына дейін арттыру және бірлескен индустриялық жобаларды іске асыру бойынша нақты уағдаластықтарға қол жеткізді. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 1,7 млрд долларды құрағаны атап өтілді.
Сонымен қатар, 2026 жылы мемлекеттік шекара маңында Индустриялық сауда-логистикалық кешенді іске қосу және энергетика, көлік, су қатынастары, ауыл шаруашылығы бағытында ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Министрлер мәдени-гуманитарлық байланыстардың ерекше маңызын атап өтті. Жақын арада Қазақстан киносы күндерін, үшінші қазақ-қырғыз жастар форумын өткізу және Бішкектегі «Алтын достық көпірі» ескерткішінің ашылуы жоспарланып отыр.
Кездесу соңында өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша келіссөздер жүргізіліп, БҰҰ аясындағы өзара іс-қимыл мен халықаралық бастамаларды қолдау бойынша келісімдерге қол жеткізілді.
Тараптар 2025–2027 жылдарға арналған екіжақты ынтымақтастықтың кешенді жоспарын бекіту туралы шешім қабылдап, оны Жоғары мемлекетаралық кеңестің жетінші отырысында қабылдауға уағдаласты.