Сенат Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы дипломатиялық өкілдіктер мен елшілердің резиденцияларын орналастыру үшін ғимараттар мен жер учаскелерін өзара өтеусіз беру туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заңды қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құжат 2025 жылғы 22 тамызда Бішкекте қол қойылған келісімді ратификациялауды көздейді. Оның мақсаты – екі елдің дипломатиялық өкілдіктерінің ұзақ мерзімді жұмыс істеуіне өзара түсіністік пен тең құқық қағидаттарына негізделген құқықтық негіз қалыптастыру.
Келісімге сәйкес, жылжымайтын мүлік 49 жыл мерзімге өтеусіз пайдалануға беріледі. Кейін бұл мерзімді ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.
Осыған сәйкес, Қазақстанның Бішкектегі елшілігіне көлемі 0,75 гектар жер учаскесі, ал Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісінің резиденциясына жалпы ауданы 531,66 шаршы метр болатын коттедж және оған іргелес 0,17 гектар жер беріледі.
Өз кезегінде Қырғызстанның Астанадағы елшілігіне көлемі 0,74 гектар жер учаскесі бөлінеді. Ал Қырғызстан елшісінің резиденциясы үшін жалпы ауданы 1267,8 шаршы метр болатын коттедж және оған іргелес 0,125 гектар жер қарастырылған.
Заңда берілетін ғимараттар мен жер учаскелерінің құқықтық мәртебесі де айқындалған. Сонымен қатар бұл мүлік екі елде қолданылатын барлық салықтар мен алымдардан босатылады. Ал нысандарды салу, жөндеу, күтіп-ұстау және коммуналдық қызметтерге қатысты шығындарды әр тарап өзі орналасқан мемлекеттің заңнамасына сәйкес дербес өтейді.
Сенаттың салалық комитетінің қорытындысында бұл келісімді ратификациялау Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, саяси диалогты дамытуға және екіжақты байланысты кеңейтуге ықпал ететіні атап өтілген.
Сенаттың тұрақты комитеттері заң жобасына қатысты ескерту мен ұсыныс енгізген жоқ. Салалық комитет Палатаға құжатты мақұлдауды ұсынды.